Орал қаласында жаңадан шырша сатып алынбайды

ОРАЛ. KAZINFORM – Жаңа жылды мерекелеуге облыс бойынша Орал қаласы мен аудандар бюджетінен шамамен 28 млн теңге бөлінді. 

Орал қаласында жаңадан шырша сатып алынбайды
Фото: Виктор Федюнин/ Kazinform

БҚО әкімдігінен мәлім еткеніндей, жаңа жылдық шыршалар Орал қаласында Тұңғыш Президент алаңында, қалалық мәдениет және демалыс саябағында, «Лепесток» скверінде, Круглоозерный, Деркөл кентінде, Зачаганда М.Мөңкеұлы көшесінде, сондай-ақ 12 аудан орталығында орнатылады.

«Бұрын сатып алынған жаңа жылдық әшекейлер пайдаланылады. Жаңа шырша мен қаланы безендіру үшін жаңа жылдық атрибуттарды сатып алу жоспарланған жоқ. Облыс тұрғындары үшін жаңа жылдық мерекелік бағдарламалар, соның ішінде Президенттік шырша, мүмкіндігі шектеулі және аз қамтылған отбасылардан шыққан балаларға арналған және басқа да іс-шаралар ұйымдастырылады», - делінген БҚО әкімдігі ұсынған ақпаратта.

Орал қаласы әкімдігінің нақтылауынша, жаңа жыл мерекесіне орай басты іс-шара биыл да 31 желтоқсан күні ҚР Тұңғыш Президенті алаңында өтеді.

Жаңажылдық іс-шараларға 7,5 млн теңге қарастырылған. Осы қаржыға Тұңғыш Президент алаңында құрылатын бас шыршаның монтажы мен демонтажы, сонымен қатар алаңды жаңажылдық безендіру, шағын архитектуралық формаларды орнату жұмыстары 17-сінен 27 желтоқсанға дейін жүргізіледі. Бас шыршаның биіктігі - 24 метр. Шағын архитектуралық формалар Х.Бөкеева атындағы қазақ драма театры алаңы мен Тұңғыш Президент алаңына қойылады.

«Жастар мәдениет үйінің ұйымдастыруымен 20-30 желтоқсан аралығында Салтанат сарайы залында жаңажылдық ертеңгіліктер өтеді. Ал 23-24 желтоқсан күндері мүдедектігі бар және көпбалалы отбасынан шыққан балаларға, яғни 240 балаға Салтанат сарайының мейрамханасында қала әкімінің жаңа жылдық шыршасы ұйымдастырылады. Осы ертеңгіліктерде балаларға арнап дастархан жайылып, естелік сый мен тәтті сыйлықтар беріледі. Зачаган, Деркөл, Желаев, Круглоозерный кенттік округтерінде жаңа жылға арналған мерекелік концерттер өтеді. Сондай-ақ аула клубы, комьюнити, кітапханаларда келушілерге арналған шағын ертеңгіліктер өткізіледі. 31 желтоқсан күні кешкі сағат 20.00-де Тұңғыш Президент алаңында өңіріміздің өнерпаздары дайындаған мерекелік концерт қала тұрғындары назарына ұсынылады. Концерт сағат 23.00-де отшашумен аяқталады», - деп хабарлады ведомстводан.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын Ақтауда жаңа жылдық безендіруге қанша қаржы жұмсалатынын жазған болатынбыз. 

Соңғы жаңалықтар