Орал қаласында жоспарлы жұмыстар ретімен атқарылып келеді - Н.Ноғаев, БҚО әкімі

Кездесуде баяндама жасаған шаһар басшысы алдымен облыс орталығында өткен жылы атқарылған жұмыстарға тоқталды. 2012 жылы қалада 56,7 млрд. теңге салық жиналып, 2011 жылғыдан 4,8 млрд. теңгеге немесе 9,2 пайызға артты. Соның нәтижесінде қалалық бюджет 11 пайызға өсіп, 10,1 млрд. теңгеге жетті. Бір жылда 87,3 млрд. теңгенің өнеркәсіп өнімі өндірілді, бұл 8,8 пайызға көп. Өңдеу өнеркәсібіндегі өнім көлемі 60 млрд. теңгеге жетіп, өсім 11 пайызды құрады. «Бизнестің жол картасы - 2020» бағдарламасына сәйкес 7,3 млрд. теңге тұратын 84 жоба жүзеге асырылды.
Қала экономикасына 36 млрд. астам теңге инвестиция құйылса, соның 10,3 млрд. теңгесі - бюджеттік, 23,6 млрд. теңге - жеке, 2,6 млрд. теңгесі - «ҚПО б.в.» компаниясы әлеуметтік жобалар аясында бөлген қаржылар.
Әр салада қол жеткен табыстарға тоқталған Болат Шәкімов қаланы одан әрі өркендету бағытындағы өз ойларымен де бөлісті. Кейбір жобалардың жүзеге асуы қаржы тапшылығына байланысты кідіріп тұрғанын жасырған жоқ.
Есептік кездесуде соғыс және еңбек ардагерлері Хамза Сафин, Қадыр Ғайсин, қала тұрғындары Жәрдем Жұмасқалиұлы, Борис Мясников, облыстық мәслихат депутаты Аманжол Зинуллин, облыстық ішкі істер департаментінің бастығы, полиция полковнигі Махамбет Абисатов өз ұсыныс-пікірлерін білдірді. Алдын ала берілген, сондай-ақ жиынға қатысушылар сауалдары жауапсыз қалған жоқ.
Кездесуді түйіндеген облыс әкімі Нұрлан Ноғаев Орал қаласында жоспарлы шаралардың ретімен атқарылып жатқанын атап өтті. Елбасы тапсырмаларына сәйкес «Сыбаға», «Бизнестің жол картасы - 2020», «Жұмыспен қамту - 2020», «Қолжетімді баспана - 2020» сынды мемлекеттік бағдарламаларды жүзеге асыруға оралдықтар да өз үлестерін қосып келеді. Бір ғана тұрғын үй-коммуналдық шаруашылықты жаңғырту бағдарламасын алайық. Бастапқыда бұған тұрғындар күдікпен қарады. Кейін өз үйлерін Үкіметтің көмегімен жөндеп алуға болатынын сезініп, іске кірісушілер көбейді. Қазіргі таңда бұл бағдарлама облыс орталығы ғана емес, аудандарда да сәтімен жалғасуда. Облыс басшысы қаланы күтіп ұстауға, абаттандыруға тұрғындардың өздері де белсене араласуы тиіс екендігін атап өтіп, қаржы мүмкіндігіне қарай аса қажетті нысандардың салына беретіндігін жеткізді.
Жиында қала әкімінің жұмысына оң баға берілді.
Осымен өңірде аудан, қала әкімдерінің есептері қорытындыланды. 20 ақпанда облыс әкімі Нұрлан Ноғаев тұрғындар алдындағы есептік кездесуін өткізетін болады.