Оралда 10 жасар баланы ит қауып алды
ОРАЛ. KAZINFORM – Оралда ит қауып алған 10 жасар бала зардап шекті.

БҚО полиция департаментінің баспасөз қызметінен мәлім еткеніндей, оқиға 21 мамыр күні «Жаңа орда» шағынауданы 2-мекенжай маңында болды. Шамамен сағат 19.50-де Орал қаласы полиция басқармасының кезекші бөліміне хабар түскен.
– 2015 жылғы ұл баланы ит қауып алған. Оқиға орнына полиция қызметкерлері жіберілді. Баланың әкесі шағым түсіруден бас тартты. Аталған дерек бойынша бұралқы иттерге қатысты шара қолдану үшін Орал қалалық ветеринариялық станциясына хат жіберілді, - деп хабарлады ведомстводан.
БҚО денсаулық сақтау басқармасы баспасөз қызметінің нақтылауынша, баланың жалпы жағдайы қанағаттанарлық. Қазіргі таңда қажетті медициналық көмек көрсетіліп, бақылауға алынды.
Орал қалалық ветеринариялық станциясының директоры Ерлан Ищановтың айтуынша, бүгін оқиға болған жерден екі ит ауланды.
– Иттер Жәңгір хан атындағы Батыс Қазақстан аграрлық-техникалық университеті жанындағы «Жәрдем-Вет» оқу-ғылыми-өндірістік орталығына 10 күнге карантинге қойылды. Бақылауда ұсталып, содан кейін тиісті шара қабылданады, - деді Е.Ищанов.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын Оралда мектептің жанында қаңғыбас иттердің өріп жүруіне байланысты ветстанцияның қандай жұмыстарды қолға алып жатқанын жазған болатынбыз.