Оралда 24 жастағы тұрғыннан 4 млн теңге бопсалаған күдікті ұсталды
ОРАЛ. KAZINFORM — Батыс Қазақстан облысы полиция департаменті ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес басқармасының қызметкерлері Орал қаласының 21 жастағы тұрғынын қолға түсірді.
БҚО полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, ол 24 жастағы азаматты күш қолданамын деп қорқытып, одан бірнеше ай бойы ірі көлемде ақша бопсалаған. Сонымен қатар ол жәбірленушіні шағын несиелер рәсімдеуге мәжбүрлеп, алынған қаражатты өз пайдасына жаратқан.
— Келтірілген жалпы материалдық шығын 4 миллион теңгеден асты. Анықталғандай, 11 желтоқсанда аталған азамат басқа бір қылмыстық іс бойынша 6 жылға бас бостандығын шектеу жазасына кесілген. Дәл сол күні тағы бір қылмыстық іс бойынша күдіктіге айналды. Қазіргі уақытта ол уақытша ұстау изоляторына қамалды. Тергеу амалдары жүргізіліп жатыр, - деп хабарлады ведомстводан.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын БҚО-да интернет-алаяқтар жәбірленушілерге 1,8 млрд теңге залал келтіргенін жазған едік.