Оралда «Ақжайық» шағынауданының тұрғындары су ақысын төлей алмай отыр

ОРАЛ. KAZINFORM — Орал қаласы Зачаган кенті «Ақжайық» шағынауданы тұрғындарының су ақысын төлей алмай отырғаны жөнінде әлеуметтік желіде бейнежазба жарияланды.

қызылорда облысы
Фото: Қызылорда облысының әкімдігі

Instagram әлеуметтік желісінде қала тұрғыны Мұхтар Өтесовтің мәлім еткеніндей, 500-ге жуық пәтер иелері осы шағынауданға қоныстанғанына жарты жыл өтсе де, бұл мәселе шешілмей келеді.

Оның сөзіне қарағанда, тұрғындар сумен қамтитын «Батыс су арнасы» ЖШС-ға барса, «Баланста жоқсыздар» деп айтады. Орал қаласы тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөлімі «Батыс су арнасына» хат жібердік дейді. Әкімдік аталған бөлімге сілтейді.

- Осылай тұрғындар сергелдеңге түсіп, не істерін білмей жүр, - дейді М.Өтесов.

Осы мәселеге байланысты Kazinform тілшісі Орал қаласы әкімдігіне арнайы сауал жолдады.

Әкімдіктен түскен мәліметке қарағанда, «Батыс су арнасы» ЖШС «Ақжайық» шағынауданында бюджет есебінен салынған көппәтерлі тұрғын үйлерге (№ 14, 17, 18, 19, 20) тексеріс жүргізген.

Аталған үйлерде су есептегіш құралдарының пломбаланбағаны, техникалық құжаттаманың ұсынылмағаны және құрылыс салушылар тарапынан «Сумен жабдықтау және су бұру жүйелеріндегі суды есепке алу ережелері» мен техникалық шарттардың бұзылғаны анықталды. № 19 және № 20 үйлерде жалпы үйлік су есептеу құралдары жұмыс істемейді.

- Аталған үйлер орталықтандырылған су құбырына қосылғанымен, «Батыс су арнасының» теңгеріміне қабылданбағандықтан, тұрғындар көрсетілген қызмет үшін ақы төлемей отыр. Әлеуметтік шиеленістің алдын алу мақсатында Орал қаласының тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөлімі тарапынан шығындарды өтеуге бюджеттік өтінім берілді. Мәселе мәслихаттың келесі сессиясында қаралады. Қазіргі уақытта үйлердің тапсырыс берушілеріне және мердігер ұйымдарға анықталған ескертулерді жою бойынша тапсырмалар берілді, - делінген ресми жауапта.

«Ақжайық» шағынауданы 17-үй 47-пәтерде тұратын Гүлзира Мамытбайқызы су есептегіш құралдарының пломбаланбағанын растады.

- Біз осы жылдың 22 наурызында пәтер кілтін алған едік. Қазір газ бен электр қуаты үшін екі-үш айдың төлемақысын төлеп тастадық. Судың төлемақысы жинала-жинала көбейіп кете ме деп қорқамыз. Зачаган кентіндегі «Жазира» шағынауданындағы «Батыс су арнасы» ЖШС-ның бөлімшесіне барсам, «Бағдарламаға енгізілген жоқ», деді. Тағы бір телефон нөміріне хабарлассам, «Автовокзал жақтағы мекеменің өзіне аяқтай барып, арыз жазып кетіңіз», дейді. Қысқасы, біріне-бірі сілтейді, еш нәтиже жоқ. Оған қоса бірінші қабаттағы пәтерлердің едені салқын болмауы үшін жертөле жылу ұстағыш материалмен қапталуы керек. Кіреберісте де осындай жұмыстар кезек күтіп тұр. Домофон да қажет, - деді Г.Мамытбайқызы.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын Оралда «Ақжайық» шағынауданы қалай салынып жатқанын жазған едік.

Соңғы жаңалықтар