Оралда алаяқтықпен айналысқан мекеме бухгалтері 5 жылға сотталды
ОРАЛ. KAZINFORM – Орал қалалық сотының үкімімен «Орал ауыл шаруашылығы тәжірибе станциясы» ЖШС бухгалтері айыпты деп танылды.

БҚО қоғамдық кеңесінің мүшесі, заңгер Бауыржан Ахметжанның Facebook әлеуметтік желісіндегі парақшасында мәлім еткеніндей, аталған мекеме ұжымы қаржы жымқырылып, соның салдарынан қызметкерлер жалақысыз, зейнетақы, әлеуметтік, медициналық төлемдерсіз қалғаны жөнінде шағым түсірген.
Сотта анықталғанындай, бухгалтер «Орал ауыл шаруашылығы тәжірибе станциясы» ЖШС-ға жұмысқа алу жөніндегі өтініш пен келісімшартқа қол қоймаған. Бірақ ол мекемеде нақты жұмыс істеп, директордың ЭЦҚ-сына (электронды цифрлық қолтаңба) кіріп, ЖШС қаржысын өзінің карталық шоттарына аударып отырған.
- 2023 жылдың 16 қазанынан 2024 жылы 1 наурызға дейін бас бухгалтердің кабинетінде отырып, «Online bank» жүйесі бойынша жалақы есебінен деп, өзінің банк шоттарына 26,8 млн теңге аударған. Жұмыс істеген бес айда 53 аударым жасаған. Қаржы көлемі әр түрлі – 30 мыңнан 5 млн теңгеге дейін. Ал 2024 жылдың 8 ақпаны күні 13 млн теңгені аударған, - дейді Б.Ахметжан.
Оның сөзіне қарағанда, бухгалтер букмекерлік кеңселердегі өзінің аккаунттарына 8,4 млн теңге аударып, бәс тігуден 3,3 млн теңге заңсыз пайда тапқан.
Бухгалтер ҚР ҚК 190-бабы (аса ірі көлемдегі алаяқтық) және 218-бабына (қылмыстық жолмен алынған ақшаны заңдастыру) сәйкес айыпты деп танылып, 5 жылға бас бостандығынан айыру жазасын қауіпсіздігі орташа қылмыстық-атқару жүйесі мекемесінде өтеуге сотталды.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Оралда ойын алаңында 7 жасар бала саусағын кесіп алғанын жазған едік.