Оралда алаяқтықпен айналысқан жалған полиция қызметкері құрықталды

ОРАЛ. KAZINFORM – Орал қаласында өзін полиция қызметкері ретінде таныстырған 30 жастағы алаяқ ұсталды.

л
Фото: polisia.kz

БҚО полиция департаментінің баспасөз қызметінен мәлім еткеніндей, ол өзін ұйымдасқан қылмыспен күрес басқармасының қызметкерімін деп таныстырып, айыппұл төлеу қажеттілігі туралы жалған сылтаумен 1983 жылғы әйелдің ақшалай қаражатын заңсыз иемденген.

- Аталған дерек бойынша жедел іздестіру іс-шаралары барысында БҚО полиция департаментінің өзіндік қауіпсіздік басқармасы мен арнайы мақсаттағы бөлімше қызметкерлері 1995 жылғы күдіктіні қолға түсірді. Ол өз кінәсін толық мойындады. Тінту кезінде банк қосымшасынан үзінді көшірме және екі ұялы телефон тәркіленді. Қазіргі уақытта аталған дерек бойынша ҚР ҚК 190-бабы 1-бөлігіне (алаяқтық) сәйкес сотқа дейінгі тергеп-тексеру амалдары жүргізілуде, - деп хабарлады ведомстводан. 

Аталған бап бойынша айыпты деп танылған адам мүлкі тәркіленіп, бір мың айлық есептiк көрсеткiшке дейiнгi мөлшерде айыппұл салуға не сол мөлшерде түзеу жұмыстарына не алты жүз сағатқа дейінгі мерзімге қоғамдық жұмыстарға тартуға не екі жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығын шектеуге не сол мерзiмге бас бостандығынан айыруға жазаланады.

Айта кетейік, бұдан бұрын алаяқтар БҚО тұрғындарына 280 млн-ға жуық теңге шығын келтіргенін жазған болатынбыз.

Соңғы жаңалықтар