Оралда апат салдарынан бірнеше шағынаудан салқын сусыз қалды

ОРАЛ. KAZINFORM — Орал қаласына қарасты Зачаган кентінде бірнеше шағынауданға салқын су беру тоқтатылды.

Су құбыры
Фото: Kazinform

«Батыс су арнасы» ЖШС-дан мәлім еткеніндей, «Келешек мектептері» жобасы аясында медициналық колледж ауданында салынып жатқан мектеп құрылысы барысында мердігер ұйым «UES» ЖШС Жәңгір хан көшесі бойындағы диаметрі 400 мм магистральдық су құбырына ақау келтірген.

- Соның салдарынан «Қазақ ауыл», «Кеңдала», «Жақсы ауыл», «Көктем», «Арман», «Сарытау», Құс фабрикасы, медициналық колледж, мамандандырылған халыққа қызмет көрсету орталығы аудандары, Жәңгір хан көшесі 55, 57, 61, 61/1, 67, 69, 71-мекенжайындағы көпқабатты үйлер салқын сусыз қалды. Осыған байланысты «Сарытау» шағынауданы С.Айтқұлов көшесі 63 (№ 50 мектеп), Құс фабрикасы (Авигип), М.Мөңкеұлы 51А-мекенжайында (Zere Hall) су тасымалы ұйымдастырылады. Апатты кешкі сағат 19.00-ге дейін жою көзделіп отыр, - деп хабарлады ведомстводан.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын Оралда жылу құбырының жөнделуіне байланысты 11 мекеме ыстық судан ажыратылғанын жазған едік.

 

Соңғы жаңалықтар