Оралда автогаз бірде бар, бірде жоқ – жүргізуші

ОРАЛ. KAZINFORM – Орал қаласында автогаз құю стансаларының бірқатарында сұйытылған мұнай газы жоқ болса, барларында кезек сейілмей тұр. Осы орайда Kazinform тілшісі кезекте тұрған жүргізушілермен тілдесіп көрді.

Оралда газ тапшы
Фото: Ғайсағали сейтақ/Kazinform

Айболат Есқалиевтің айтуынша, жүргізушілер сұйытылған газдың тапшылығынан қиындық көруде.

«Оралда шынында да газ бірде бар, бірде жоқ. Болғанның өзінде, міне, ұзын-сонар кезек. Қаншама уақытты жоғалтып жатырмыз. Әлде сұйытылған газдың бағасын көтерейін деп жатыр ма, белгісіз. Мәселенің қашан шешілетінін де білмейміз», - дейді А.Есқалиев.

Оралда газ тапшы
Фото: Ғайсағали сейтақ/Kazinform

БҚО энергетика, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасы басшысының орынбасары Бейімбет Мусиннің сөзіне қарағанда, бүгіннен «Жайықмұнай» ЖШС облыс үшін қараша айына бекітілген 4 030 тоннаны беруді бастайды. Бүгін 160 тоннаға жуық сұйытылған мұнай газы жіберіледі.

Оралда газ тапшы
Фото: Ғайсағали сейтақ/Kazinform

«Өткен айда Атырау облысы бізбен бірге Батыс Қазақстанда өндірілген өнімнің жартысын алып отырды. Яғни «Жайықмұнай» ЖШС күніне 200 тонна шығарса, соның жартысымен бөлістік. Енді осы айда Атырау облысы газды басқа зауыттан алады», - деді Б.Мусин.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын Батыс Қазақстан облысында сұйытылған газ тапшылығы туындағанын жазған болатынбыз.

Батыс Қазақстанда газ құю стансаларында кезек әлі көп


Соңғы жаңалықтар