Оралда баспанасы суға кеткен саяжай тұрғындарына 62 үй берілді

ОРАЛ. KAZINFORM – Оралда қалалық комиссияға саяжай тұрғындарынан су тасқыны салдарынан келтірілген шығынды өтеу жөнінде 10 492 өтініш түсті.

тұрғын үй
Фото: gov.kz

Қала әкімдігінен мәлім еткеніндей, соның ішінде 4 519 тұрғынның үйі жалғыз баспана болып шықты. 5 967 өтініш иесінің ҚР аумағында екі немесе одан көп тұрғын үйі бар екені анықталды.

Күні бүгінге дейін техникалық зерттеу мекемелерімен 2 300 жалғыз тұрғын үйі бар азаматтардың мекенжайлары бойынша тексеру жүргізілді.

«Қалалық комиссия 2 098 материалды қарап, соның қорытындысы бойынша 1 395 үй тұруға жарамсыз деп танылды. 473 үй жөндеуге жатады (15 азаматқа барлығы 35,2 млн теңге төленді). 230 мекенжай бойынша үйге су кірмеуіне немесе жер учаскесінде құрылымның болмауына байланысты жаңа баспана берілмейді. Комиссияның қорытындысы бойынша 62 отбасына тұрғын үйдің кілті табыс етілді. Бүлінген мүлікті өтеу бойынша (150 АЕК-ге дейін) 1 462 үйге шығынды бағалау жүргізіліп, қорытынды шықты. Жұмыс жалғасуда», деп хабарлады ведомстводан.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын БҚО-да салынып жатқан үйдің қабырғасы құлауына байланысты аудан әкімі мен басқарма басшысына ескерту жарияланғанын жазған болатынбыз.

БҚО-да қаражаттың жетіспеуіне байланысты тұрғын үй құрылысы кешеуілдеп отыр.

 

Соңғы жаңалықтар