10:21, 13 Ақпан 2024 | GMT +5
Оралда көктайғаққа байланысы қоғамдық көліктер тоқтатылды
ОРАЛ. KAZINFORM – Оралда қолайсыз ауа райына байланысты барлық бағыттағы қоғамдық көлік жергілікті сағат 11.00-ге дейін тоқтатылды.

Орал қаласы әкімдігінен мәлім еткеніндей, қазіргі уақытта көшелерге құм-тұз қоспасы себілуде.
«Жолдар қалыпқа келген соң, қоғамдық көлік автобустары желіге шығады. Уақытша қолайсыздық үшін кешірім сұраймыз», - делінген хабарламада.
Сонымен қатар Орал қаласы білім беру бөлімі көктайғаққа және қоғамдық көліктердің тоқтауына байланысты 1 ауысымда сабақтың онлайнға ауыстырылғанын жеткізді.

Тұрғындардың сөзіне қарағанда, қоғамдық көліктердің жүрмеуіне байланысты такси бағасы шарықтап кеткен.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Батыс Қазақстанда ауа райының нашарлауына байланысты 7 жол учаскесі жабылғанын жазған болатынбыз.