Оралда медицина қызметкеріне күш қолданған: Тұрғынға қатысты қылмыстық іс қозғалды

ОРАЛ. KAZINFORM — Орал қаласында тұрғынның медицина қызметкеріне күш қолданғаны жөнінде әлеуметтік желіде бейнежазба жарияланды.

Оралда медицина қызметкеріне күш қолданған: Тұрғынға қатысты қылмыстық іс қозғалды
Фото: Видеодан скрин

Бейнежазбада көрініп тұрғанындай, ер адам мен медицина қызметкері арасында жанжал туындаған. Салдарынан құқық бұзушы медицина қызметкерін бірнеше рет итеріп жіберген. Бұдан кейін аурухана қызметкерлері араша түскен.

Оқиға қалалық көпбейінді ауруханада қаңтардың 10-ынан 11-іне қараған түні болған.
БҚО полиция департаментінің баспасөз қызметінен мәлім еткеніндей, Орал қаласындағы медицина мекемесінің қызметкерлерінен ер адамның заңсыз әрекеттері туралы хабарлама түскен.

— Оқиға орнына жедел түрде полиция нарядтары жіберілді. Аталған азамат ұсталып, полиция бөліміне жеткізілді. Бұзақылық дерегі бойынша қылмыстық іс қозғалды. Қазіргі кезде оқиғаның мән-жайы анықталып жатыр. Полиция қызметтік міндеттерін атқару кезінде медицина қызметкерлеріне күш қолданғаны үшін қылмыстық жауапкершілік көзделгенін ескертеді, — деп хабарлады ведомстводан.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын Батыс Қазақстанда 130 жасөспірімнің полицияға жеткізілгенін жазған едік. 

Соңғы жаңалықтар