Оралда орталық алаңдағы субұрқақ неліктен жұмыс істемей тұр
ОРАЛ. KAZINFORM — Орал қаласында Тұңғыш Президент алаңында орналасқан субұрқақтың жай-күйі сын көтермейтіні туралы әлеуметтік желіде ақпарат жарияланды.
Қала тұрғынының Instagram әлеуметтік желісінде мәлім еткеніндей, баспалдақтар сынып жатыр. Субұрқақ бұрын болған, қазір жұмыс істемей тұр.
— Жаңбырдан кейін субұрқаққа су жиналған. Су жоқ кезде де көргенмін, қаншама қоқыс жатыр, масқара жағдай. Қаланың жаңа ауданындағы орталық алаңның мұндай күйге түсуіне кім жауап береді? — дейді тұрғын.
Осыған орай Kazinform тілшісі Орал қаласы әкімдігіне арнайы сауал жолдаған еді.
Әкімдіктен түскен мәліметке қарағанда, қазіргі кезде субұрқақтың іші қоқыстан тазаланды.
Субұрқақ биыл жаз мезгілінде техникалық ақауға байланысты істен шыққан. Мамандардың тексеру қорытындысына сәйкес оны іске қосу үшін жай ғана ағымдағы жөндеу жеткіліксіз.
— Нысанның жұмыс қабілетін толық қалпына келтіру мақсатында күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізу қажет. Ол үшін қолданыстағы заңнамаға сәйкес алдымен жобалық-сметалық құжаттама әзірленіп, мемлекеттік сараптаманың оң қорытындысы алынуы және тиісті қаржы қарастырылуы тиіс. Осы рәсімдер толық аяқталғаннан кейін субұрқақты күрделі жөндеу және қалпына келтіру жұмыстары жүргізіледі, — делінген ресми жауапта.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Оралда Тұңғыш Президент алаңының жері жалға берілді ме, сол жөнінде әкімдік жауап бергенін жазған едік.
Сондай-ақ Орал тұрғындары полигон түтінінен тыныс алу қиындағанын айтып шағымданды.