Оралда тасқын су басуы мүмкін саяжайлардағы 350 отбасыға хабарлама берілді

ОРАЛ. KAZINFORM — Орал қаласы аумағында 150-ден астам саяжай бірлестіктері бар.

Паводок Жибек жолы Су тасқыны Жібек жолы
Фото: Виктор Федюнин/ Kazinform

Орал қаласы әкімінің орынбасары Жандос Дүйсенғалиевтің мәлім еткеніндей, осы кезге дейін 43 саяжай бірлестігінде қысқы мезгілде тұрып жатқан 350 отбасыға көктемде су басуы мүмкін екендігі жөнінде хабарлама берілді.

Жандос Асхатұлының сөзіне қарағанда, күні бүгін рейдтер жүргізіліп, саяжайларда тұрып жатқан отбасылардың саны нақтылану үстінде.

Қазіргі таңда 40-тан астам саяжай бірлестігі тексеріліп, бұларда 900 отбасының тұрып жатқаны анықталды.

«Барлық саяжай бірлестіктері бойынша толық электронды-ақпараттық база жасақталатын болады. Бұл саяжайлардағы адамдардың, тұрғынжайлардың, үй жануарларының және нысандардың нақты санын анықтауға мүмкіндік береді. Саяжайда тұрып жатқан отбасылардың барлығына ескерту хабарламалары берілетін болады», дейді Ж.Дүйсенғалиев.

Оның айтуынша, биылғы су тасқынынан көптеген саяжайлардың зардап шеккені белгілі. Осы уақытқа дейін келтірілген залалды өтеу жөнінде тұрғындардан 11 мыңға жуық өтініш түскен.

«Күні бүгінге дейін қалалық комиссия жалғыз үйі апатты деп танылған 2 589 азаматтың өтінішін қанағаттандырып, бұл отбасыларға бірінші және екінші нарықтан баспана берілді. Сонымен қатар 487 отбасыға үйін жөндеу үшін 1,7 млрд теңге қаражат бөлінді. 10 942 отбасыға 4 млрд теңге көлемінде бір жолғы әлеуметтік көмек (100 АЕК) көрсетілді. 9 032 отбасыға 4,1 млрд теңгенің мүліктік шығындары (150 АЕК-ке дейін) өтелді. Бұл жұмыстар әлі де жалғасуда», дейді қала әкімінің орынбасары.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын Батыс Қазақстанда биылғыдай су тасқыны қайталануы мүмкін екендігін жазған болатынбыз.

Сондай-ақ Батыс Қазақстанда көктемде су басу қаупі бар 186 елді мекен тіркелген.

Батыс Қазақстанда 28 су қоймасының 20-сы талапқа сай келмейді.

 

Соңғы жаңалықтар