Оралда жалған нөмір тағылған көлікті жүргізген әскери қызметші жауапқа тартылды

ОРАЛ. KAZINFORM — Орал қаласының мамандандырылған әкімшілік құқық бұзушылықтар жөнінде соты жалған мемлекеттік тіркеу нөмірі тағылған көлікті басқарған әскери қызметшіге қатысты істі қарады.

Петропавлда жарты жылдың ішінде көлігіне жалған нөмір таққан 5 адам анықталды
Фото: СҚО ПД баспасөз қызметі

БҚО сотының баспасөз қызметінен мәлім еткеніндей, құқық бұзушылық Орал қаласы аумағында өткізілген жедел алдын алу іс-шаралары барысында полиция қызметкерлерімен анықталған. Бұл — ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 590-бабы 4-бөлігімен көзделген құқық бұзушылық.

Істі қарау кезінде жүргізушінің әдейі жалған мемлекеттік тіркеу нөмірі орнатылған көлікті жүргізгені белгілі болды. 

Сот отырысында азамат К-ның кінәсі дәлелденді. 

Сот іс материалдарын зерделей отырып, құқық бұзушылық сипатын бағалап, әскери қызметшіге қолданыстағы заңнама талаптарына сәйкес әкімшілік жаза тағайындауды ұйғарды.

Аталған кодекстің 32-бабына сәйкес әскери қызметшілер әкімшілік құқық бұзушылықтары үшін тәртіптік жарғылар бойынша жауаптылыққа тартылады. Бірақ оларға әкімшілік қамау түріндегі жаза қолданылмайды.

— Осыған байланысты сот азамат К-ны кодекстің 590-бабы 4-бөлігінде көзделген әкімшілік құқық бұзушылықты жасағаны үшін кінәлі деп таныды. Іс материалдарының көшірмелері кінәлі қызметшіні тәртіптік жауапкершілікке тарту мәселесін шешу үшін БҚО полиция департаментіне жолданды. Қаулы заңды күшіне енген жоқ, — деп хабарлады ведомстводан.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын БҚО-да есірткіге мас күйінде рөлге отырған жүргізушінің сотталғанын жазған едік.

Соңғы жаңалықтар