Оралда жатақханадағы өрттен кейін газдан уланған үш адам ауруханада жатыр

Бұдан бұрын жазғанымыздай, Оралда жатақханадағы өрттен 45 адам эвакуацияланып, 5 адам ауруханаға жеткізілген болатын.
Облыстық денсаулық сақтау басқармасының баспасөз қызметі мәлім еткеніндей, өрт салдарынан газдан уланған 26 жастағы ер адам, 44 жастағы әйел адам қалалық көпбейінді ауруханаға жатқызылды. Сондай-ақ 27 жастағы әйел 5 жасар ұлы және 3 жасар қызымен облыстық көпбейінді балалар ауруханасына түсті. Бәрінің де жағдайы орташа ауыр.
«Қазіргі таңда ересек адамдар ауруханада жатыр. Балалар ауруханада қаралғаннан кейін амбулаторлық ем алуға жіберілді», деп хабарлады басқарманың баспасөз қызметі.
Бұдан басқа 28 жастағы ер адам, 28 жастағы әйел, 6 және 2 жасар қыз балалар жеңіл дәрежеде газдан уланған. Олар оқиға орнында қаралғаннан кейін үйлеріне жіберілген.
БҚО ТЖ департаменті мемлекеттік өрт бақылау басқармасының аға инженері Сағдат Әнестің сөзіне қарағанда, өрттің себебі нақтылану үстінде. Әзірге от электр сымдарының қысқа тұйықталуынан шыққан деген болжам бар.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Оралда ток соққан ер адамның қаза болғанын жазған едік.