Туған жеріне барған Баян Алагөзова Оралдағы саябақтың қараңғылығына шағымданды
ОРАЛ. KAZINFORM — Орал қаласының орталығында орналасқан Жұбан Молдағалиев бағының кешкісін қап-қараңғы болып тұрғаны жөнінде әлеуметтік желіде бейнежазба жарияланды.
                                              Продюсер Баян Алагөзованың Instagram әлеуметтік желісінде мәлім еткеніндей, туған қаласы – Оралға келгенде, өкінішті жайға тап болған.

-Міне – педагогикалық училищеге қарсы орналасқан менің туған паркім. Қап-қараңғы. Қаланың қақ ортасы ғой. Шаһар тұрғындары мен қонақтары үшін жарықтандырыңыздаршы. Орал, әкімдік, жауап беріңіздер! – деді Б.Алагөзова.

Осыған орай Орал қаласы әкімдігі жауап берді.
Әкімдік мәліметіне қарағанда, қазіргі кезде Жұбан Молдағалиев атындағы скверде көшені жарықтандыру үшін торшерлер ауыстырылып жатыр.
- Таяу күндері жұмыстар аяқталып, жарықтандыру қалпына келтіріледі. Қалада қоғамдық кеңістіктер мен скверлерді абаттандыру жалғасып жатыр. Олардың бәрі қазіргі заманғы жарықтандырумен және қалалықтар үшін қолайлы инфрақұрылыммен қамтамасыз етілген, - делінген ресми жауапта.

Қала әкімдігінің мәліметі бойынша, Оралда күні бүгін 57 сквер мен демалыс орны болса, соның 41-і жөнделіп, ретке келтірілген.
Биыл Жайық өзені жағалауын қайта құруға 1,3 млрд теңге жұмсалды. Сонымен қатар Н.Некрасов (384 млн теңге) және Журналистер (175 млн теңге) скверлері қайта жаңартылды.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын экологтың әр қалада көлемі 30 гектар бір парк салынса, артық болмайтыны жөнінде айтқанын жазған едік.