11:26, 11 Мамыр 2017 | GMT +5
Оралдық сақшылар қарақшыны қылмыстың ізін суытпай, ұстады
ОРАЛ. ҚазАқпарат - 9 мамыр күні сағат 02.00 шамасында белгісіз біреу Құрманғазы көшесі бойындағы «Карина» дәмханасының жанында Орал қаласының 1985 жылғы тұрғынының 84 мың теңгесін күш көрсетіп, тартып алып кеткен, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» тілшісі.
БҚО ІІД баспасөз қызметінен түскен мәліметке қарағанда, құрамында бөлімше командирі, полиция старшинасы А.Есенғазиев пен А.Тоғай бар жол-патрульдік топтың жедел әрекет етуі нәтижесінде қылмыстың ізі суымай ашылды. Аталған сақшылар хабар алған бойда оқиға орын алған ауданға барып, бейнебақылау камерасының көмегімен 1984 жылғы А. деген күдіктіні ұстады. Кейін жәбірленуші өзін тонаған адамды таныды.
Аталған қылмыс ҚР ҚК 191-бабы 2-бөлігіне сәйкес (кісі тонау) сотқа дейінгі тергеп-тексерудің бірыңғай тізіліміне тіркелді. Қазіргі кезде Орал қалалық ішкі істер басқармасының уақытша ұстау оқшаулағышына қамалған күдіктіге қатысты тергеу амалдары жүргізілуде.