Орманшыларға хай-тек стилінде жаңа үйлер салынады
АСТАНА. KAZINFORM —Шалғайда тұратын орманшыларға жаңа типтік үлгідегі үйлер салынады. Алғашқысы Алматы облысы Шарын ұлттық паркінің аумағында бой көтерді.
Орманшылар мен қорықшыларға арналған кардонда бар жағдай жасалған. Жатын орны, асханасы, дәретханасы, жылы суы болады. Екінші бөлігінде туристер аялдайтындай орын қарастырылған.
Ықшам әрі жайлы «хайтэк» стиліндегі осы баспананың үлгісін осы мекеме қызметкері Құтлықжан Жүнісов сызған. Бұл жоба көпшілікке ұнап министрлік бекітіп, енді бүкіл Қазақстандағы орман шаруашылықтарында осындай бекеттер салынбақ.

— Орманшылар орманда, ауыл, қаладан шалғайда тұрады. Сондықтан олардың орманда тұру жағдайларын жақсарту мақсатында осындай тапсырма берілген болатын. Біз осы кордонды соған сәйкестендіріп жасап, оны комитет пен министрлік қолдап, пилоттық жоба ретінде жүзеге асырылды. Енді тұтас Қазақстанға осы типтегі қызметтік үй ретінде салуға тапсырма берілді, — дейді Шарын мемлекеттік ұлттық табиғи паркі директорының орынбасары Құтлықжан Жүнісов.

Айта кетейік, соңғы жылдары еліміздегі орман шаруашылықтарының материалдық-техникалық базасы жаңарып келеді. Кешеге дейін орманшылар ескі Нива, Уаз көліктерін мінсе, қазір табиғат қорғаушылар заманауи пикаптарға ауысқан. Өрт сөндіру техникаларының да ықшам әрі ыңғайлы түрлерін алған.

Jibek Joly телеарнасының «ECO аудит» жобасы Алматыдағы орман шаруашылығы мен онда өсетін ағаштардың сан алуандығын көрсеткен еді. Соңғы бес жылда Алматы облысында алма, өрік, жиде, қарағаш, қайың, шырша, сексеуіл секілді ағаштардың 46 млн көшеті егілген. Соның 70 пайызы тамыр жайып, өсіп-өнген.
