Өрт сөндірушілер Жаңа жыл түні қалай қызмет атқарады

Ақтөбе қаласындағы №4 өрт сөндіру бөлімі Жаңа жыл түні күшейтілген тәртіпте жұмыс істеді. Барлығы төрт есептоп жұмысқа шығып, қаланың бірнеше шағын ауданындағы қауіпсіздікті бақылады. Kazinform тілшісі мерекеде жұмыс істеген өрт сөндірушілермен кездесіп келді.

тжд
Фото: Kazinform/Алтынай Сағындықова

Жаңа жылда ешкім үйіне сұранып кетпейді - Аслан Қожагелдин

Жаңа жыл түні №4 өрт сөндіру бөлімі бастығының орынбасары Аслан Қожагелдин кезекшілікке түсті. Ол жеке құрамның жұмысын бақылап, қадағалап отырды. Барлығы 20-ға жуық қызметкер кезекшілік атқарды. Мұндағы жұмыс 31 желтоқсан күні ғана емес, балалардың Жаңа жылдық ертеңгіліктері кезінде де қарбаласқа толы болды. Себебі бекітілген аумақта спорт, мәдениет ошақтары бар. Ондағы мерекелік шараның бәрінде өрт сөндірушілер бақылау жұмысын жүргізеді.

тжд
Фото: Kazinform/Алтынай Сағындықова

- Біздің бөлім Ақтөбе қаласындағы Батыс-2, 8-шағын аудан мен Жаңақонысты, Оңтүстік-батысты қарайды. Осы аумаққа жауаптымыз. Өзім 2015 жылдан бері осы салада жұмыс істеп жүрмін. Алдымен жүргізуші болдым. Кейін қарауыл бастығына көтеріліп, қазір бөлім бастығының орынбасары қызметін атқарып жүрмін. Негізі бала күнгі арманым деп те айтуға болады. Жоғары оқу орнының дипломын алған соң үш ай курс оқып, сертификат алуға, офицер құрамына енуге мүмкіндік болды. Сол мүмкіндікті қалт жібермедім, - деді Аслан Қожагелдин.

Өрт сөндірушінің бойынан табылуы тиіс қасиеттің бәрін бойға жиған маман үрей мен қорқынышты жеңу маңызды екенін айтып берді. Алдыңда көмек сұрап тұрған адамды көргенде бәрі ұмытылып, шұғыл шешім қабылдайтын қасиетке ие қызметкер қоғамның да көзқарасы оң екенін жасырмайды. Бұл да болса оларға үлкен демеу.

- Қаншама өрт болып, қызметкерлеріміз бақилық болып кетіп жатыр. Қазір қоғамның пікірі жақсы. Жақсы қарсы алады, бағалайды. Интернетте де жақсы комментарий жазылып жатады. Ол енді өзіміздің жұмысымыздың жемісі деп ойлаймын. Қаншама адам құтқарылды, қар құрсауынан шықты, су тасқынында аман қалды, - деді ол.

Өрт сөндірушілердің күн тәртібі жазуды. Олар сол талаппен таңертең кезекшілікті қабылдап алып, құжаттарына, киімдеріне тексеру жүргізіледі. Кейін теориялық біліктілігін арттырып, түстен кейін құрал-жабдықтардың жарақтылығын қайта бір тексеріп, әзірлейді. Ал шақыру болса, бірден аттанып, жиналуына 2-3 минут қана уақыт беріледі. Келген соң техника жуылады, киімдері кептіліреді. Теориялық сабақ әрі қарай жалғасады.

- Жаңа жылда жиі кезекшілікке түсеміз. Мен жауапты тұлға болып түстім осы жолы. Жақындарымды Жаңа жыл мерекесі өткен соң құттықтаймын. Он жылдай қызмет еттім. Соның бес жылын Жаңа жылды бөлімде қарсы алдым. Халық тойлап жатады. Біз күшейтілген нұсқада еңбек етеміз, қауіпсіз тойлауына мүмкіндік жасаймыз. Ал шақырту болмаса кішігірім дастарқан жайып, тілегімізді айтамыз. Түскі асқа, кешкі асқа жиналамыз. Сұранса жібермейміз. Отбасында жақыны көз жұмса ғана жіберіледі. Ал мерекеге орай босатылмайды, - деді Аслан Қожагелдин.

тжд
Фото: Kazinform/Алтынай Сағындықова

Адам өмірі бәрінен қымбат - Нұрбол Абдигаппаров

Ақтөбе қаласы №4 өрт сөндіру бөлімінің қарауыл бастығы Нұрбол Абдигаппаров болса бұған дейін Хромтау ауданында жұмыс істеп, кейін облыс орталығына ауысқан. Ол қазіргі кезде 13 қызметкеріне жауапты. Ауысымды қабылдап алған соң күн тәртібі бойынша өрт тактикасы, өрт нормативтерін оқытады. Кейін практикалық сабаққа ауысып, түстен кейін техникаға күтім жасайды, тазалайды. Сонымен бірге үлкен нысандардың, ғираттардың сызбасын қарап, жаттығады.

тжд
Фото: Kazinform/Алтынай Сағындықова

- Шешуші уақыттың бес принципі бар. Күнделікті сабақта соны айтамыз. Біріншіден, адам өмірін құтқару. Екіншіден, жарылыстың алдын алу. Өртті сөндірмес бұрыс осы екеуін істеміз. Содан кейін ғана сөндіру жұмыстарын жүргіземіз. Ішке келген соң пайдаланған құрал-сайманды таза ұстаймыз, келесі шығу дайындап қоямыз. Өзім бұған дейін Хромтау ауданында жұмыс істедім. Боран күні жүкті әйел жедел жәрдем шақырып, жолға шыққан. Сөйтіп жолда қалып қойған. Біз шақыртуға триколмен шықтық. Жүкті әйел көлікте босанды. Оны ауданға жеткіздік. Ал қаладағы оқиғаға келер болсақ, Ә.Молдағұлова даңғылындағы үйдің үшінші қабатын өрт балконынан бастап тарады. Сол кезде бірінші барып, рация арқылы қосымша көмек сұрадым. Балаларды ішке кіргіздім, автобаспалдақпен құтқару жұмыстарын жүргізуге бұйрық бердім. Сонымен бірге Батыс – 2 шағын ауданындағы №14 үйде өрт болды. Құтқару жұмыстарын жүргізгенде көзімді жұмып жүргендей болдым, ештеңе көрінбеді. Баспалдықпен көтерілгенде тұншығып жатқан дауыс естілді. Бала мен әйел жерде жатты. Қазір әйелді құтқарсам, бала шыдамай қалады деп ойладым. Ең бірінші баланы алып кеттім. Сосын барып анасын шығарып, жедел жәрдемге табыстадық. Кейін аман екенін естідім, - деді ол.

тжд
Фото: Kazinform/Алтынай Сағындықова

Нұрбол Абдигаппаровтың айтуынша, маңыздысы адамды дәрігерлер қолына аман тапсыру.

тждж
Фото: Kazinform/Алтынай Сағындықова

 

Балаларым мақтан етеді – Ержан Тұртаев

№4 өрт сөндіру бөлімінің бөлімше командирі Ержан Тұртаев болса он жылдан бері осы салада еңбек етеді. Негізгі мамандығы заңгер. Бала күнгі арманы құтқарушы болып, адамдарға көмек көрсету еді. Сөйтіп қолға диплом алған соң әскерге аттанды. Келген соң бірден өрт сөндіру бөліміне жұмысқа орналасты.

тжд
Фото: Kazinform/Алтынай Сағындықова

- Бізде әр шығудың өзі тәжірибе. Күнделікті қызметте түрлі жағдай болады. Шұғыл шешім қабылдайтын да кез кездеседі. Бір қауіпті шақырту есімде. 2015 жылы бөлім қаладағы Мәскеу ауданына да жауапты болды. Таңғы сағат 5:00 шамасында жер үйдің өртенгені туралы хабар түсті. Үй түгел жанып жатты. Кіру мүмкіндігі аз болды. Бізге жеткен ақпарат бойынша екі адам ішінде қалған. Терезеден кіріп, жер бауырлап, бөлмелерді аралап шықтық. Денесі күймеген, бірақ уанып қалған қыздың мүрдесін алып шықты. Әжесі де сол үйде қалған. Оны да құтқару мүмкін болмады. Таң болған соң көбі ұйықтап жатады, хабар кеш түсіп қалған. Ең бірінші ауыр шақыртудың бірі осы болды, - деді ол.

Үш баланың әкесі Жаңа жылды жұмыс орнында қарсы алды. Балалары бұл күні отбасы мүшелерінің төрт көзі түгел болғанын қаласа да аса жауапты жұмысты түсенеді.

- Олар өрт сөндіруші мамандығын түсенеді. Демалыс күндері әкеліп көрсетемін, таныстырамын. Бес жастағы балам болса балабақшада мақтанышпен айтады, суреттерін салады. Жұмыстан сағына қарсы алады. Жаңа жылда отбасы амандығын тілеймін, - деді ол.

Жеке құрамды оқиға орнына жеткізу міндетім - Азамат Амангелді

Шақырту түскен бойда қолына құжат алып, бағытын анық білетін жүргізуші Азамат Амангелдінің бұл қызметке орналасқанына бес жыл болды. Оның міндеті - жеке құрамды шақырту орнына жеткізу, суды үздік беріп тұру. Қажет кезде көлігін өзі жөндеп алып, мұнтаздай таза ұстайды.

тжд
Фото: Kazinform/Алтынай Сағындықова

- Таңертең кезекшілікке түскенде қабылдап аламыз. Май, суын тексереміз, оталдырамыз. Өзім Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университетін бітірдім. Негізгі мамандығым – биолог-технолог. Бұл жұмысты досымнан естідім. Ол осы салада жұмыс істейді. Әңгіме барысында қызықты жайттарды айтып отырады. Соған қызығып, мен де келдім. Өкінбеймін. Әскерге барып келген соң бірден құжаттарымды тапсырдым. Мен өзім техникаға жақын адаммын, бәрін әкемнен үйренгем. Сол үшін мен осы бағытты, жүргізушілікті таңдадым. Көшеде арнайы көлік жүргізушісін сыйлайды. Тек кейде кептілеске тап болып, жол бермей жатады. Сонымен бірге адамдар көлікті тұраққа дұрыс қоймай кетеді. Сондай кезде қиындау болады,- деді Азамат Амангелді.

Айта кетейік, №4 өрт сөндіру бөлімінде 8 техника бар. Барлығы 57 қызметкер жұмыс істейді. Оның үшеуі басшылық қызмет, төртеуі радиотелефоншы, төртеуі жүргізуші, қалғаны өрт сөндіруші. Аумаққа қарасты 226 гидрант бар. Жыл жыл түні Ақтөбе қаласында шақырту болмады.

Соңғы жаңалықтар