Орталық Азия елдері су тапшылығынан жылына $2 млрд жоғалтуы мүмкін – БҰҰ

ТАШКЕНТ. KAZINFORM – Орталық Азия елдерінің сарапшылары мен халықаралық ұйым өкілдері Өзбекстанда бас қосып, өңірдегі су тапшылығы мәселесін шешу жолдарын іздестірді, деп хабарлайды Kazinform агенттігінің меншікті тілшісі.

Орталық Азия елдері су тапшылығынан жылына $2 млрд жоғалтуы мүмкін – БҰҰ
Фото: Pixabay

UZA ақпарат агенттігінің мәліметінше, кейінгі жылдары өңір елдері су ресурстарын басқару саласындағы ынтымақтастықты жүйелі жолға қоя білді. Атап айтқанда, Сырдария мен Әмударияны бойлай орналасқан мемлекеттер өзен суын тек мүмкіндік негізінде тұтынып келеді. 

Дегенмен мәселе де жоқ емес. Сарапшылар атап өткендей, Орталық Азияда байқалып жатқан тіршілік нәрінің тапшылығы өңірдің келешек дамуына әсер ететіні сөзсіз. Жиынға қатысқан Біріккен Ұлттар Ұйымы өкілдерінің болжамына сай, 2040 жылға қарай аймақтағы су тапшылығы 3 есе артуы мүмкін.

Өзбекстан
Фото: Өзбекстанның Су шаруашылығы министрлігі

Уақыт өте келе оның салдарынан Орталық Азияға келетін экономикалық шығын жалпы өңірлік өнім көлемінің 11 пайызына теңелуі ғажап емес. БҰҰ өкілдері аймақ мемлекеттері су тапшылығы мен оны тиімсіз пайдаланудан жылына 2 млрд доллар жоғалтатынын мәлімдеп отыр.

Осы орайда, Өзбекстандағы семинар барысында мамандар аталған мәселелерді шешуге бағытталған ұсыныстарымен бөлісті. Қатысушылардың пікірі трансшекаралық өзендерді басқару жүйесін бірлесіп жетілдіріп, су үнемдеу технологияларын енгізу бойынша ортақ стратегия қабылдау орынды дегенге саяды.

- Орталық Азиядағы су тапшылығы ықылымнан өзекті мәселе саналады. Бұл басқосу барысында біз жүргізілген жаһандық мониторинг нәтижелерін талқылап жатырмыз. Қазіргі уақытта өңір елдері суды тиімді пайдалану және трансшекаралық өзендердің экологиялық жағдайын жақсарту шараларына аса көңіл бөледі. Мемлекеттер арасындағы суға қатысты негізгі мәселелер шешімін тапты. Алайда, жерасты суларын бөлу төңірегіндегі түйткілдер қалып отыр, - деді БҰҰ Трансшекаралық сулар бойынша Еуропалық комиссиясы хатшылығының заңгері Юлия Тромбицкая.

Өзбекстанның Су шаруашылығы министрлігі
Фото: Өзбекстанның Су шаруашылығы министрлігі

Ұйымдастырушылардың айтуынша, семинар қорытындысы бойынша су мәселесіне қатысты пікір қосқан сарапшылардың пайымы негізінде тиісті ұсыныстар әзірленеді. Кейін ол талдау деректерін Қазақстан, Өзбекстан, Тәжікстан, Қырғызстан және Түрікменстан үкіметтерінің қарауына енгізу жоспарланған.

Еске салайық, биыл 29 қаңтарда Душанбе қаласында Орталық Азияның Мемлекетаралық су шаруашылығын үйлестіру комиссиясының 88-ші отырысы өтті. Оның барысында жасалған келісім нәтижесінде Қазақстан көршілес елдерден көктемде 11 млрд текше метр су алатын болды.

Бұған дейін хабарлағанымыздай, Қазақстан мен Өзбекстан су бөлу келісімінің жобасын әзірлеп жатыр.

Мұнымен бірге, ресми Астана мен Ташкент Сырдария бойына су есептейтін құрылғылар орнатуды биыл аяқтауды жоспарлап отыр.

Сондай-ақ өзбекстандық компаниялар Қазақстанда су үнемдеу технологияларын енгізуі мүмкін.

Соңғы жаңалықтар