Өзбекстандық компаниялар Қазақстанда су үнемдеу технологияларын енгізуі мүмкін
ТАШКЕНТ. KAZINFORM – Өзбекстандық компаниялар Қазақстанда су үнемдеу технологияларын енгізумен айналысуы мүмкін, деп хабарлайды Kazinform агенттігінің меншікті тілшісі.

Бұл туралы Ташкентке жұмыс сапарымен келіп, өзбекстандық әріптесі Шавкат Хамраевпен кездескен ҚР Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов мәлім етті.
- Өзбекстанда су үнемдеу технологияларын енгізу қарқынды жүріп жатыр. Мұнда арнайы ақпараттық-талдау орталығы бар. Оның мамандары бүгін баяндама жасады. Нәтижесінде екіжақты келісімге келдік. Оған сай, біздің қызметкерлер наурызда Өзбекстанға келіп, бұл тараптың атқарып жатқан жұмыстарымен танысады. Егер алдағы уақытта уағдаластыққа қол жеткізіп жатсақ, онда өзбекстандық компаниялар Қазақстанда су үнемдеу технологияларын енгізумен айналысуы мүмкін, - деп жауап қатты министр Kazinform тілшісінің сауалына.
Айта кетейік, Өзбекстан арналарды бетондау арқылы су шығынын 15 пайызға дейін қысқартты. Бұл ретте Қазақстанда да ірі жобалар қолға алынды. Ведомство басшысының айтуынша, 2028 жылға дейін елімізде 14,5 мың шақырымнан астам суару жүйесіне жөндеу жүргізіледі.
- Былтырдың өзінде ұзындығы 400 шақырымнан астам 80 ирригациялық жүйені бетондадық. Қазір 1 531 шақырым арыққа осындай жөндеу жүргізіліп жатыр. Үкімет қаулысымен 2024-2028 жылдарға арналған кешенді жоспар бекітілді. Оған сай, 2028 жылға дейін 14,5 мың шақырымнан астам суару жүйесіне жөндеу жүргіземіз. Сметалық құжаттар дайын, биыл республикалық бюджеттен және Ислам даму банкінен қаражат бөлінеді, - деп түйіндеді Нұржан Нұржігітов.
Министрдің айтуынша, Қазақстан мен Өзбекстан су бөлу келісімінің жобасын әзірлеп жатыр.
Сонымен қоса, қазіргі уақытқа дейін Шардара қоймасына 4,5 млрд текше метр су жиналды. Өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда бұл 1,87 млрд текше метрге артық. Нұржан Нұржігітов су мәселесіне қатысты пікір білдіре отырып, «Жағдай былтырғыдан жаман болмайды», деп сендірді.
Мұнымен бірге, Қазақстан мен Өзбекстан Сырдария бойына су есептейтін құрылғылар орнатуды биыл аяқтауды жоспарлап отыр.