«Орталық Азия – Қытай» саммиті өңірлер арасындағы дипломатияға жаңаша реңк бермек – сарапшы
ТАШКЕНТ. KAZINFORM – «Орталық Азия – Қытай» саммиті өңір елдері мен ресми Бейжің арасындағы дипломатияға жаңаша реңк береді. Мұндай пікірді Kazinform агенттігінің меншікті тілшісіне сұхбат берген белгілі өзбекстандық саясаттанушы, Әлемдік экономика және дипломатия университеті халықаралық қатынастар кафедрасының доценті Мурат Бахадиров білдірді.

Сұхбат басында сарапшы бүгінде «Орталық Азия – Қытай» форматы аясындағы ынтымақтастық жүйелі жолға қойылған атап өтті. Сәйкесінше, аймақ елдері мен ресми Бейжің арасындағы серіктестік тұрақты даму үрдісін көрсетіп отыр.
– Бұл формат сауда-экономикалық ынтымақтастықпен қатар, цифрлық трансформация, логистика, қауіпсіздік, экология және мәдени салаларға ден қоя бастады. Осы бағыттарға басымдық беру – сындарлы диалог қалыптасып келе жатқанын айғақтайды. «Орталық Азия – Қытай» форматы барлық елдің мүддесін ескере отырып, мемлекеттерге тең мүмкіндік ұсынады. Геосаяси жағдайдың күрделене түскен уақытында мұндай ынтымақтастықтың маңызы зор, - деді Мурат Бахадиров Kazinform тілшісінің сауалына жауап бере отырып.
Саясаттанушы атап өткендей, елордада өтетін саммитте тараптар келешек ынтымақтастық бағыттарын айқындайды. Президенттер IT, ауыл шаруашылығы және жасыл энергия көздерін дамыту жобаларына екпін түсірмек.
– Менің пікірімше, бірінші кезекте мемлекет басшылары инновациялық технологиялар саласындағы кооперацияны дамытуды ұсынады. Big Data, жасанды интеллект және fintech бағыттарында ортақ платформа құрылуы мүмкін. Кейін ауыл шаруашылығын ілгерілетуге басымдық беріледі. Оның ішінде азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету және Қытайға экспортты арттыру мүмкіндігі қаралады. Бұған қоса, жасыл энергия көздерін дамыту мәселесі де саммиттің басты тақырыбы болатыны сөзсіз. Бұл бағытта Қытайдың әлеуеті де, ресурсы да жеткілікті, - деп тоқталды Мурат Бахадиров.
Осы орайда сарапшы «Орталық Азия – Қытай» саммитінің қорытындысы бойынша қандай маңызды құжаттар қабылдануы мүмкін екенін айтты.
– Астанада өтетін саммит Қытай мен Орталық Азия елдері арасындағы дипломатияға жаңаша реңк бермек. Іс-шара қорытындысы бойынша бірнеше маңызды құжатқа қол қойылады. Атап айтқанда, аймақ елдері мен ресми Бейжіңнің ұлттық стратегияларын үйлестіру арқылы теңгерімді ынтымақтастық қалыптастыру шешімі қабылдануы ықтимал. Сонымен бірге сауда-экономикалық, инновациялық технологиялар, білім беру және мәдени-гумманитарлық салаларды жүйелі ілгерілету бойынша 2030 жылға дейінгі Жол картасы әзірленуі мүмкін. Тиісінше, бұл - форматтың стратегиялық тұрақтылығына және аймақтың өзара ықпалдастығына кепіл болмақ, - деп пікір қосты сарапшы.
Сонымен қатар саясаттанушы әлем елдерінің Орталық Азияға қызығушылығы арта бастағанын атап өтті. Бұл ретте негізгі сауда дәліздері, қазба байлықтар және өсіп келе жатқан халық саны өңірдің маңыздылығын арттыра түседі.
– Орталық Азия тек Еуразияның географиялық орталығы ғана емес, сонымен бірге шығыс пен батысты байланыстыратын басты дәліздері бар, энергия ресурстарына бай, демографиялық өсімі жоғары аймақ. Халықаралық қарым-қатынас пен әлемдік саясаттағы тепе-теңдіктің өзгеруіне байланысты ірі ойыншылар Орталық Азия өңірімен байланысты нығайтуға тырысып жатыр. Аймақ елдері жан-жақты ықпалдастықты дамыту ұстанымын басшылыққа алатынын атап өткім келеді. Тиісінше, мемлекеттерге деген қызығушылық артты, - деп қорытындылады Мурат Бахадиров.
Еске салайық, 17 маусымда Астанада аймақтағы мемлекеттер басшыларының қатысуымен екінші «Орталық Азия – Қытай» саммиті өтеді. Оған қатысу үшін Қытай Халық Республикасының Төрағасы Си Цзиньпин 16 маусымда Қазақстанға келеді.