Орталық Азия мен Қытай кәсіпкерлері цифрлық ынтымақтастық жөнінде уағдаласты

АСТАНА. KAZINFORM — «Орталық Азия — Қытай» іскерлік кеңесінің отырысына 6 мемлекеттің сауда-өнеркәсіп палаталары цифрлық ынтымақтастыққа көшу жөнінде уағдаласты.

Орталық Азия мен Қытай кәсіпкерлері цифрлық ынтымақтастық жөнінде уағдаласты
Фото: Виктор Федюнин/ Kazinform

«Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасының төралқа төрағасы Райымбек Баталовтың айтуынша, бұл шараға Өзбекстаннан, Қырғызстаннан, Тәжікстаннан, Түрікменстаннан кәсіпкерлер келді. Қытайдан да ұлттық кәсіпкерлер палатасы сияқты құрылым бастамасымен 300-ден астам компания өкілдері келді. Іскерлік кеңес отырысына дейін олармен ауқымды дайындық жұмыстары жүргізілген.

— Бұл жай ғана хаттамалық жұмыс емес, яғни жиналып, меморандумға қол қойып, тарап кететін шара емес. Ең бастысы, қазақстандық және жалпы орталықазиялық бизнес пен қытайлық компаниялар арасында алдын ала нақты жұмыс атқарылды. Бүгін тек меморандумдар ғана емес, нақты келісімшарттар жасалып, жобалар қолға алына бастады. Бұл форумға өңір әкімдері де, аймақтардың өкілдері де қатысып отыр. Қол қойылған келісімшарттардың жүзеге аса бастауы — біз үшін ең маңызды нәтиже, — деді Р. Баталов.

Сонымен бірге, әр елдің сауда-өнеркәсіп палаталарымен цифрлық ынтымақтастыққа көшу жөнінде уағдаластық жасалды. Қазақстанда бұл бағытта не жасалып жатқаны, Үкімет пен Ұлттық палатаның тәжірибесі таныстырылған.

— Менің ойымша, бұл бизнеске өте ыңғайлы, олар қай салаға инвестиция салуға болатынын және нақты талдауларды көре алады. Демек, алда бізге үлкен әрі жауапты жұмыс жүктеледі. Бұл тәсіл бизнестің нақты жобаларды жүзеге асыруына, ілгерілетуіне мүмкіндік береді. Тағы бір маңызды мәселе — көлік пен логистика, жасыл дәліз, кедендік рәсімдер мен сертификаттау секілді бизнестің күнделікті бетпе-бет келіп отырған түйткілдері. Бұл мәселелер тек Қытайдан келетін импортқа емес, Қазақстан мен Орталық Азия елдерінің Қытай нарығына шығатын экспорттық әлеуетін де тежеп отыр. Бұл — үлкен және өте маңызды мәселе, — деді Райымбек Баталов.

Айта кетейік, бүгін елордада «Орталық Азия — Қытай» ІІ саммиті өтеді. Оған өңірдегі 5 мемлекеттің басшылары мен Қытай Халық Республикасының төрағасы қатысады.

2025 жылдың алғашқы тоқсанында Қазақстанның Қытаймен және Орталық Азия елдерімен тауар айналымы 29,3 млрд долларға жетті, Қытайдан импорт көлемі 18%-ға өсті. 

Соңғы жаңалықтар