Орталық Азия мен Шығанақтағы араб елдері транзиттік әлеуетті арттыруға ниетті
ТАШКЕНТ. KAZINFORM – «Орталық Азия - Шығанақтағы араб мемлекеттерінің ынтымақтастығы кеңесінің» саммиті қарсаңында Ташкентте белді талдау орталықтарының алғашқы форумы өтті, деп хабарлайды Kazinform агенттігінің меншікті тілшісі.

Іс-шараға Орталық Азия және БАӘ, Бахрейн, Кувейт, Оман, Қатар, Сауд Арабиясынан келген сарапшылар қатысты. Олар болашақта ынтымақтастықты нығайтуға сеп болатын салалар мен жобалардың жай-күйін бағамдап көрді.

Форумға қатысушылар атап өткендей, Шығанақ елдерінің жаһандық саясат, инвестиция және экономикадағы орны ерекше. Тиісінше, осы әлеуетті пайдалана отырып, Орталық Азия мен Шығанақтағы араб елдері өзара байланыстарды нығайтуға мүдделі.
- Қос өңір бір-бірін енді терең зерделеп бастады. Сондықтан осындай форматтағы жиындар сарапшылар үшін ақпарат алмасуға және болашақ ынтымақтастық бағыттарын анықтауға көмектеседі. Пікір білдіріп, диалог орнаттық. Жалпы елдер туралы түрлі түсініктер болады. Ал оны сырттай емес, көзбен көріп, іштей тану мемлекеттердің өзара байланысына жол ашады деген сенімдемін, - деді ҚР Президенті жанындағы ҚСЗИ директорының орынбасары Асқар Нұрша.
Саммит Орталық Азия мемлекеттерінің ішкі аймақтық ынтымақтастығын арттырып, өңірдің жаһандық маңыздылығын күшейтуге ықпал етеді. Байланыстарды тереңдету үшін жаңа мүмкіндіктерге жол ашады. Сарапшылар Самарқандтағы саммит аймақтың транзиттік әлеуетіне тың серпін береріне сенімді.
- Кейінгі жылдары «Орталық Азия +» форматындағы жиындар жиі өткізіліп келеді. Бұл аймақтың маңыздылығын айғақтап тұр. Бізбен диалог орнатып, экономикалық байланыстырды нығайтуға ниетті елдердің географиясы кеңейе түсті. Орталық Азия бүгінде жаңа мүмкіндіктерге жол ашатын үлкен нарық болды. Шығанақтағы Араб елдерінің сарапшыларымен диалогымыз сәтті өтті. Бұл басқосу дәстүрге айналуы мүмкін, - деді Орталық Азия халықаралық зерттеулер институтының сарапшысы Умрбек Юсупов Kazinform тілшісінің сауалына жауап бере отырып.
Еске салайық, «Орталық Азия - Шығанақтағы араб мемлекеттерінің ынтымақтастығы кеңесінің» екінші саммиті 5 мамырда Самарқанд қаласында өтеді.