Орталық Азия неліктен Еуроодақтың қызығушылығын тудырады — сарапшылар пікірі

АСТАНА. KAZINFORM — Осы жылдың 3-4 сәуір күндері Самарқандта «Еуроодақ-Орталық Азия» саммиті өтеді. Осыған орай Kazinform агенттігінің меншікті тілшісі Брюссельде сарапшылармен тілдесіп, олардың алдағы іс-шараға қатысты пайымын білген еді.

Орталық Азия неліктен Еуроодақтың қызығушылығын тудырады — сарапшылар пікірі
Фото: Kazinform

— Бұл саммиттің ақыры өтетіндігі қуантарлық жайт. Іс-шараның Еуроодақ пен Орталық Азия арасындағы барынша мазмұнды ынтымақтастыққа тың серпін беретіндігіне үміттенемін. Сонымен қатар Еуроодақтың Орталық Азия елдерімен ынтымақтастығының институционалды жай-күйін сараптай аламыз деп сенім артамын. Біз аймақпен бірнеше бағыттағы, оның ішінде экономикадағы байланысты дамытуымыз қажет. Орталық Азия маңызды геосаяси ойыншыға және әлемдік саясат субъектісіне айналып келеді. Еуропада да әлемнің осы бөлігіне қатысуын күшейте түсуі тиіс, — деді еуродепутат Катарина Неведалова (Словакия).

еуродепутат Катарина Неведалова
Фото: Kazinform

«EU Reporter» басылымының шолушысы Дерья Сойсал соңғы жылдары, әсіресе COVID-19 індетінен кейін және климаттың өзгеруіне қатысты алаңдаушылықтың артуы жағдайында Еуропа Орталық Азияға үлкен қызығушылық таныта түсуде.

— Бұған қоса, Орталық Азия тек Еуропаның сұранысындағы өңір емес, сонымен қатар мызғымас серіктеске айналып келеді. Германия мен Франция сынды еуропалық ірі державалар Орталық Азиямен екіжақты алыс-берісті жандандыра түсуде. ЕО-ның өзге мүшелерінің де екіжақты келісімшарттарының саны айтарлықтай артқаны байқалады. Соңғы жылдары Франция мен Германия ең алдымен Қазақстанға және Өзбекстанға бағыт алып отыр. Осы тұрғыда Астана мен Ташкент Еуропаға көп дүние ұсына алады. Еуропа экономикалық аспектіден бөлек өзінің ықпал аясын кеңейтуге және адам құқығы, демократия, дүниеге деген көзқарас сынды құндылықтарын ілгерілетуге ұмтылады. Еуропа өз ықпалын кеңейте отырып, жұмсақ күш пайдалануға әрі жаңа одақтастар табуға да ұмтылып отыр. Алдағы уақытта да тұрақтылығын сақтайтын Орталық Азия елдері еуропалық ықпал аясын кеңейту үшін лайықты кандидат саналады. 2022-2023 жылдары Орталық Азия мемлекеттерінің басшылары мен Еуропалық одақ төрағасы жоғары деңгейдегі бірінші кездесу өткізді. Кездесу барысында Еуропа мен Орталық Азия арасындағы байланыстарды нығайтуға бағытталған нақты мақсат жүктелді, — деді ол.

обозреватель издания «EU Reporter» Дерья Сойсал
Фото: Kazinform

Сарапшының айтуынша, 1990 жылдары Еуропа Орталық Азияға негізінен аймақтағы тұрақтылық пен ауған дағдарысы жағдайында қызығушылық танытты. Содан бері Еуропаның мүддесі экономикалық сипатта болған сияқты. Дегенмен, олар бастапқыда еуропалық құндылықтарды таратуға назар аударылғанын алға тартады.

— Бұл саммиттің үлкен мәні бар. Өйткені, ол энергетика, шикізат пен байланысты сынды салалардағы серіктестік пен кооперациялар үшін жаңа мүмкіндіктер ашады. Орта дәліздің дамуы екі тарап үшін де басымдық саналады. Саммит ЕО үшін Орталық Азиямен екіжақты өзара іс-қимыл мен аймақтық ынтымақтастықты нығайтуға геосаяси мүддесін паш етудің негізгі мүмкіндігі болмақ. ЕО аймақтың екінші ірі сауда серіктесі және жетекші инвесторы саналады. Аймақтағы инвестицияның 40 пайыздан астамы ЕО-дан келеді. Мәселен, Қазақстан еуропалық елдер үшін негізгі серіктеске айналып келеді. Тіпті еуропалық саладағы рөлін кеңейте түсуі мүмкін. Өзбекстанға келер болсақ, 2016 жылы әлемге ашылған сәттен бері ол көптеген еуропалық инвестор тартты және алдағы саммитте те еуропалық капиталдың Орталық Азияға ағынын арттыру мәселелері талқыланады, — деді Дерья Сойсал.

 Маурицио Гери
Фото: Kazinform

Сарапшы Маурицио Гери (Италия) қазір шешу сәт деп санайды. Өйткені, Орталық Азия елдері өзара ынтымақтастықты да, кәрі құрлықпен байланысты да жақсарта түсуде.

— Бір қуантарлығы, Орталық Азияның бес мемлекеті энергетика, көлік және цифрлық технологиялар сияқты салаларда арта түскен көрсеткіштерді паш етумен қатар, өзара ықпалдастыққа да үлкен қызығушылық танытып отыр. Мен үшін бұл — Орталық Азиядағы үлкен өзгеріс. Өйткені Еуропалық одақ Орталық Азиямен аймақтық ықпалдастықта жинақтаған тәжірибесімен бөлісе алады. Ықпалдастық аймақтағы барлық ел үшін өте тиімді болады. Себебі біз геосаяси бәсекелестік кезеңін бастан өткеріп жатырмыз және бұл бағыттар ең маңыздысы саналады. Қытай, Ресей сияқты алпауыт елдердің ықпалымен Орталық Азия елдеріне ұлттық мүдделерін қорғау күрделене түседі. Алайда, егер аймақ барған сайын ықпалдаса түссе, онда мұндай «C5 плюс бір» форматы сұранысқа ие болады. Экономикалық ынтымақтастықтың екі негізгі бағытын көріп отырмын: энергетика және жаңартылатын энергия көздері саласы. Өйткені Орталық Азия жел және күн энергетикасын дамытуға арналған кең аумақтардың арқасында жаңартылатын энергия көздері үшін үлкен әлеуетке ие. Аймақтағы маңызды шикізат материалдары, оларды игеру ерекше қызығушылық тудырады. Біз қазіргі уақытта сирек кездесетін жер материалдарына келгенде Қытайға тәуелді екенімізді білесіздер. Осы тұрғыда Орталық Азиямен ынтымақтастық шикізат жеткізуді әртараптандыруға көмектесе алар еді. Еуропа мен Орталық Азия қатынастарындағы жаңа кезеңге үміттенеміз, — деді ол.

Талқылаудың басты тақырыптарының бірі — жаһандық экологиялық апаттың жарқын мысалы — Арал дағдарысы. Сарапшылар мен үкімет өкілдері зардап шеккен аймақтардағы жерлерді қалпына келтіру, шөлейттенумен күресу және климаттың өзгеруінің әлеуметтік-экономикалық салдарын жеңілдету бойынша барлық шешімді қарастырады.

Жиынның негізгі қорытындысы Самарқанд форумының қорытынды құжаты — «Жасыл» дамудың өңірлік тұжырымдамасының тұсаукесері болады. Ол климаттың өзгеруі саласындағы Орталық Азия елдерінің біртұтас өңірлік көзқарасын қалыптастыруға негіз қалайды. Онда жетекші халықаралық ұйымдардың аймақтағы экологиялық проблемаларды шешуге деген көзқарасы көрсетілген.

Еске салайық, былтыр қыркүйекте Шавкат Мирзиёев «Орталық Азия — Еуроодақ» форматындағы алғашқы саммитті Өзбекстанда өткізуді ұсынған еді

Таяуда 4-5 сәуірде «Silk Road Samarkand» конгресс-орталығында бірінші Самарқанд халықаралық климаттық форумы өтетіндігі белгілі болды

Алғашқы саммитке Өзбекстан президенті Шавкат Мирзиёев төрағалық етеді.  Іс-шараға Еуропалық кеңестің президенті Антониу Кошта мен Еуропалық комиссияның президенті Урсула фон дер Ляйен қатысады. Сонымен қатар «Орталық Азия — Еуроодақ» форматындағы кездесуге Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев, Қырғызстан, Тәжікстан және Түрікменстанның президенттері келеді.

Саммит Орталық Азия мен Еуропалық Одақ арасындағы ынтымақтастықты тереңдету мәселелеріне арналады. Оның барысында көлік-логистикалық жобаларды бірлесіп қолға алу, стратегиялық шикізат бағытындағы серіктестік, экологиялық таза және тиімді энергия өндіру көздерін енгізу мүмкіндіктері талқыланады.

Соңғы жаңалықтар