«Орталық Азия» жаңа өнеркәсіп орталығы қазақстандықтарға не береді

АСТАНА. KAZINFORM — Бүгін Қазақстан мен Өзбекстан Президенттері «Орталық Азия» Халықаралық өнеркәсіптік кооперациясы орталығының қызметіне ресми бастау берді. Бұл орталықтың елімізге әсері жөнінде экономист Расул Рысмамбетов Jibek Joly телеарнасына берген сұхбатында айтып берді. 

«Орталық Азия» жаңа өнеркәсіп орталығы қазақстандықтарға не береді
Фото: видеодан алынған скрин

Сарапшының айтуынша, орталықтың негізгі мақсаты — бірігіп инвестициялар тарту.

— Көптеген шет мемлекет Қазақстанды, Өзбекстанды және Қырғызстанды бір өңір, бір «стандарт жиынтығы» ретінде қарайды. Инвестицияны бірлесіп тарту үшін де осылай бірлесе әрекет ету керек. Біз көптеген затты Өзбекстаннан сатып алып, өңдеп, қайтадан Өзбекстанға жеткіземіз немесе керісінше өзіміздің затымыз Өзбекстанда өңделіп, кейін Қазақстанға қайтады. Сондықтан осы Халықаралық орталық трансшекаралық жобаларға инвестиция тартуға бағытталады деп ойлаймын, — деді Расул Рысмамбетов.

Экономист орталықтың тиімділігін қарапайым қазақстандықтар қалай сезіне алатынын да түсіндірді.

— Біріншіден, туризм тұрғысынан алғанда Ташкентке бару оңайырақ болады. Жалпы алғанда, бұл экономикалық өсімге әкеледі. Өзбекстан тауарларын, яғни көкөніс, жеміс-жидектерді сатып алу жеңілдейді деп ойлаймын. Сол сияқты өзбектерге де қазақстандық тауарларды алу жеңілдейді, — дейді ол.

Сонымен бірге, сарапшы қазірдің өзінде көптеген қазақстандық пен өзбекстандық ынтымақтастықтың артықшылықтарын көре бастағанын айтты.

— Достарымның арасында Өзбекстаннан Алматыға, Астанаға, Оралға келіп, «Қаншама мүмкіндікті жіберіп алыппын, осында келіп бизнес жасауым керек еді» деп айтатындар жиі кездеседі, — дейді Расул Рысмамбетов.

Еске салайық, 14-15 қараша күндері Қасым-Жомарт Тоқаев Өзбекстан Президенті Шавкат Мирзиёевтің шақыруымен Ташкентке мемлекеттік сапар жасады. Мемлекеттер басшылары шағын және кеңейтілген құрамда келіссөз жүргізіп, Қазақстан-Өзбекстан Жоғары мемлекетаралық кеңесінің екінші отырысын өткізді.

Бұған дейін Қазақстан мен Өзбекстан президенттері БАҚ өкілдеріне арналған брифинг өткізді.

Ал 16 қарашада Президент Ташкентте өтетін Орталық Азия және Әзербайжан мемлекеттері басшыларының VII Консультативтік кездесуіне қатысады.

Соңғы жаңалықтар