«Орталық Азия — Жапония» алғашқы саммиті өтеді
АСТАНА. KAZINFORM — Жапония тарапы «Орталық Азия — Жапония» бірінші саммитін өткізуді ұсынды. Бұл туралы Қазақстан Республикасы Премьер-министрінің орынбасары — Сыртқы істер министрі Мұрат Нұртілеу мәлім етті.
Бүгін Астанаға алғаш ресми сапармен Жапония Сыртқы істер министрі Такеши Ивая келді. Кездесу барысында екіжақты қарым-қатынасты жаңа деңгейге көтеру жолындағы мәселелер талқыланды.
— Сонымен қатар Токио тарапы жаңа бастама көтеріп, «Орталық Азия — Жапония» бірінші саммитін өткізуді ұсынды. Ол біздің тарапымыздан толық қолдау тауып отыр, — деді Мұрат Нұртілеу БАҚ алдында мәлімдеме жасап.
Дегенмен Сырты істер министрі аталған саммиттің қашан және қай елде өтетінін нақтыламады.
Сондай-ақ Мұрат Нұртілеу қазақ-жапон қарым-қатынасының бүгіні кемел, болашағы жарқын екенін баса айтты.
— Екі ел де ынтымақтастық рухында ұзақ мерзімді серіктестіктің өрісін кеңейту үшін белсенді күш-жігер жұмсап жатыр. Қазақта «саусақ бірікпей, ине ілікпейді» деген сөз бар. Қазақстан мен Жапония арасындағы қарым-қатынасты жаңа деңгейге көтеру сыртқы саясатымыз бен ұзақ мерзімді дамуымыздағы өте маңызды басымдық, — деп қорытындылады ведомство басшысы.
Айта кетейік, Жапония Семей полигонынан зардап шеккендерге қайтарымсыз грант бөлмек.
Мәлімдеме барысында белгілі болғандай, 2026 жылы «Алматы-Токио» тікелей әуе рейсі ашылады.