Орталық Азиядағы ең ірі «Федченко» мұздығының 40%-ға жуығы еріп кетті – өзбекстандық сарапшы
ТАШКЕНТ. KAZINFORM – Қазіргі уақытта Орталық Азиядағы мұздықтар қайта қалпына келместен еріп жатыр. Бұл туралы Kazinform агенттігінің меншікті тілшісіне сұхбат берген Өзбекстандағы «Сушы» қоғамдық бірлестігінің жетекшісі Тахир Маджитов мәлім етті.

- 1991 жылы Орталық Азияда 6 млн гектарға жуық суармалы жер болса, 2024 жылы олардың көлемі 10 млн гектардан асты. Егер 1991 жылы аймақта 45 миллионнан астам халық тұрса, бүгінде олардың саны 80 миллионнан асты. Енді осы бұқараны сумен қамтамасыз ету мәселесі өзекті болып тұр. Қазақстан мен Өзбекстан негізгі тіршілік нәрі саналатын Сырдария мен Әмудария өзендерінің етегінде орналасқан. Сондықтан аталған елдердегі су мәселесі күрделене түсуі ықтимал, - деді Тахир Маджитов Kazinform тілшісінің сауалына жауап бере отырып.
Ол атап өткендей, Орталық Азия елдері суды тиімді пайдаланса, қазірдің өзінде суармалы жерлердің көлемін 2-3 млн гектарға дейін ұлғайтып, 100 миллион халықты тіршілік нәрімен қамтамасыз етуге қауқарлы.
- Суды әділ бөлу, оны тиімді пайдалануды реттейтін халықаралық бірлестік немесе қауымдастық керек. Осы орайда, біз Арал комитетін құруды ұсынамыз. Тиісінше, оның жұмысы су шаруашылығы саласындағы басқару жүйесін жетілдіруге мүмкіндік береді. Ол өз кезегінде Орталық Азиядағы азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ете алады. Бұл комитетті құру үшін бірнеше жыл керек. Аталған жобаға барлық Орталық Азия мемлекеттерінің мүдделі болғаны қажет, - деген ұсыныс айтты Тахир Маджитов.
Оның сөзінше, Орталық Азия елдеріне қажетті су қоры жиналатын Қырғызстан мен Тәжікстан таулы жерлерде орналасқан. Сырдария мен Әмудария өзендері қалыптасатын жоғары ағыс елдері жазда суды жинап, күз және қыс мезгілдерінде оны гидроэлектростанциялар үшін қолданады. Ал Қазақстан мен Өзбекстан жаз мезгілінде суды қажет етеді.
- Германиядағы су ресурстары және жер мәселелері жөніндегі жоғары оқу орындарын тәмамдаған өзбекстандық мамандардың зерттеуіне сәйкес, Орталық Азиядағы ең үлкен «Федченко» (Тәжікстанда орналасқан – автор түсіндірмесі) мұздығының 40%-ға жуығы еріп кетті. Мәселен, «Федченко» 1990 жылдан 2005 жылға дейін 50 метрге төмендеді. Оның ұзындығы - 77, ені - 2,4, тереңдігі 1 шақырымға жетеді. Сонымен қатар Қырғызстан аумағындағы мұздықтардың да 30%-дан астамы еріп кетті. Бұрын олар суға айналса, оның орны толып отыратын. Қазіргі уақытта мұздықтар қайта қалпына келместен еріп жатыр, - деп түйіндеді Тахир Маджитов.
Еске салайық, БҰҰ-ның зерттеуіне сәйкес, Орталық Азиядағы су тапшылығы өңірдің экономикалық өсімін тежейді. Таяуда Kazinform агенттігіне сұхбат берген сарапшы Динара Зиганшина Орталық Азиядағы су тапшылығы мәселесін тек сындарлы диалог арқылы шешуге болатынын айтты.
Бұған дейін хабарлағанымыздай, Халықаралық табиғатты қорғау одағы Орталық Азиядағы су дипломатиясын дамытуға ниетті.
Сонымен қатар Орталық Азия мен Ауғанстан су шаруашылығы саласындағы ынтымақтастықты нығайтуға мүдделі.
Биыл сәуірде Өзбекстанның Су шаруашылығы министрі Шавкат Хамраев Kazinform агенттігінің меншікті тілшісіне сұхбат беріп, Қазақстанмен ынтымақтастықты нығайтуға мүдделі екенін мәлімдеген еді.