Орталық Азиядағы тұлғаларға таласпай, әлем тарихына не бергенін ойлау керек – Дархан Қыдырәлі
АСТАНА. KAZINFORM – Парламент Сенатының депутаты, мемлекет және қоғам қайраткері Дархан Қыдырәлі Орталық Азия тарихшыларының І форумында талас тудыратын тарихи тұлғалар туралы өз пікірін білдірді және оларды орталықазиялық, дәлірек айтқанда түркістандық деп атауды ұсынды.
«Орталық Азия – тұтас ұғым. Біздің түріміз бен тіліміз ғана жақын емес, дініміз бір, мәдениетіміз ортақ, сол сияқты тарихымыз, тағдырымыз, танымымыз ортақ. Әрине, проблемалар да бар, бірақ біздің тарихымыз тек қана Кенесары оқиғасынан, Әмір Темір мен Тоқтамыстың шайқасынан тұрмайды. Бізде кикілжіңдер бір болса, ортақ дүниелеріміз – 99. Еуропаның өзі жүзжылдықтар, онжылдықтар бойы соғысқан. Дүниежүзілік соғыстар туындаған Еуропаның өзі қазір ортақ тарихын жазып шықты. Орталық Азияда мұндай қанды қырғындар болған жоқ. Бес саусақтың қайсысы күшті деп айта алмаймыз, жұдырық жұмылуы үшін бәрі керек», - деді Д. Қыдырәлі Еуразия ұлттық университетінде өткен форумда.
Спикердің айтуынша, ғалымдардың басқосуы болашақта Орталық Азиядағы басқа да мәселелердің шешілуіне жол ашады.
«Біздің проблемамыз тек қана «Шыңғыс хан – қазақ», «Атилла – қырғыз», «Оғыз – түрікмен», «Томирис – өзбек» деген мәселелерден тұрмайды. Мифологиямен ауырмауымыз керек. Одан басқа әлемге қосқан этнографиялық, фольклорлық, тарихи жетістіктеріміз бар. Жалпы адамзат тарихынан Орталық Азия тарихын алып тастасақ, үлкен кеңістік бос қалады. Сондықтан біз әлемдік адамзат тарихына не бердік деп ойлану керек. әл-Фараби, Ибн Сина немесе басқа да үлкен ғалымдарды таласқа түсірмей, ЮНЕСКО секілді әлемдік қауымдастыққа алып шыға аламыз деп ойлаймын. Оларды «Орталық Азия тұлғалары» деп атасақ, тек қана ұтамыз. Әл-Фараби немесе Ибн Сина «мен қазақпын/өзбекпін/тәжікпін» деп айтпаған. Қазір сұрасаң да олар таң қалар еді, бұл ұлттар қайдан шықты дер еді. Сондықтан орталықазиялық, дәлірек айтқанда түркістандық деп айтуға болады, бізде таласатын, бөлісе алмайтын ештеңе жоқ», - деп толықтырды Д. Қыдырәлі.
Д. Қыдырәлі ортақ археологиялық экспедициялар жасауды, архивтерді қолжетімді етіп, ортақ этнографиялық экспедициялар жүргізуді де ұсынды.
«Осындай көптеген жобалар нәтижесінде ЖОО мен мектептер үшін хрестоматиялық ортақ тарих жасау мүмкіндік туады», - деді Сенат депутаты.