Орталық Азиядағы жаңа тренд: елдерге қала салу не үшін керек?

Алатау, Асман, Аркадаг, жаңа Ташкент... Бұл – Орталық Азиядағы жаңа қалалардың атауы. Кейінгі 5 жылда мемлекет басшылары аймақтағы халық санының артуы әрі ірі мегаполистегі жүктемені азайту мақсатында шаһар салуға көшкен. Kazinform тілшісі аталған тенденцияның аймаққа әсерін, жаңа қалалардың айырмашылығын сараптап көрді.

жаңа қала
Коллаж: Kazinform

Саяси импульс: Түркіменбасыдан басталған жол

Орталық Азияда жеке-дара қала салу идеясы жақында көтеріле бастады. Бұған дейін қажеттілік болмаған әрі экономикалық ахуал жар бермей келді. Енді оң-солды аңдаған шақта өзара бәсеке басталғандай. Неге?..

Аркадаг
Фото: turkmenistan.gov.tm

 

Есте болса, бұл «жарысты» Түрікменстан ашып берген болатын. Өткен жылы Ашхабадтан 25 шақырым жерде Аркадаг қаласы бой көтерді. Экс-президенттің (Гурбангулы Бердімұхамедов) құрметіне қойылған атау әлем назарын аударды десек артық емес. 70 мың тұрғынға шақталған шаһардың ашылу салтанаты дүркіреп өтіп, бір мезетте мемлекеттік маңызы бар қала статусын алды. Үй біткен ақ түсте қаланып, әлеуметтік-саяси нысандар ақ мәрмәрмен көмкерілді. «Ақылды қала», электркөліктер тасымалы, күн энергиясын пайдалану да назарға алыныпты. Жер аумағы 3 мың гектарды құрайтын жобаға 3,3 млрд доллардан аса қаржы кеткен. Міне, бұл – Орталық Азиядағы алғашқы тәжірибе.

Асман арманы

Бірнеше ай бұрын Қырғызстан президенті Садыр Жапаров Ыстықкөл жағасындағы Асман қаласының іргетасын қалады. Ал өткен айда қаланың концепциясын бекіткен-ді. Жапаровтың жобаға қатысты әр сөзінен үміт байқалады. Әсіресе, жаңа қала қаржылық хабқа айналып, Қырғызстан үшін инвестиция орталығы болатынына сенімі мол. Кәсіпкерлік секторын бейімдеу үшін қала құрылысында мемлекет емес, инвестордың үлесін көбейтетінін жасырмады. Тіпті шетелдіктерді жобаға қаржы құюға үндеп, билік инвестор ісіне араласпайтынына кепілдік берді.

Қырғыз тарапы жоба арқылы екі өзекті мәселені шешуге ниетті. Біріншісі, жаңа жұмыс орнын ашып, шетелде жүрген отандастарының үйіне оралуына жағдай жасау. Кейінгісі, туризм арқылы табыс түсіру жоспары болмақ.

Асман
Фото: economist.kg

 

Жалпы Асманның аумағы – 4 мың гектар. Аз да емес, көп те емес. Халық саны да 500-700 мың адам деп топшыланған. Үкімет жоспарына сенсек, қала 10 жыл ішінде салынып бітуі тиіс. Байқасақ, меже орындалатын секілді. Себебі елдегі инвестиция көлемі артып келеді. Мысалы, Қырғызстан Республикасының Ұлттық статистика комитетінің мәліметі бойынша, биыл негізгі капиталға салынған инвестиция көлемі 157,4 млрд сомды (1,84 млрд доллар – ред.) құрап, өткен жылғы көрсеткіштен асып түскен.

Жапсарлас қала – «Тәшкен шәрі»

Енді аумағы тұрғысынан алда келе жатқан қалаларға ойысайық. Түрікменстандағы Аркадагтың көлемі – 3 мың гектар, Қырғызстандағы Асманның шегі 4 мың гектармен шектелген. Бұл шешім елдегі экономика райы мен тұрғын санына қарай белгіленгені түсінікті. Ал оңтүстіктегі көршілеріміздің арасында жан басы мол Өзбекстан өзге сүрлеу салып, болашақ қаланың ауданын 20 мың гектар деп жоспарлаған екен. Гурбангулы Бердімұхамедов пен Садыр Жапаров секілді жапанда шаһар тұрғызбай, анағұрлым тиімді нұсқа ретінде Ташкентті кеңейтуге көшкен. «Жаңа Ташкент» атауымен басталған жоба бөлек емес, ел астанасына іргелес серік-қала болмақ.

Жаңа Ташкент
Фото: www.gazeta.uz

 

Расында, жаңа қаланы Ташкенттен алшақ салу орынсыз болатыны күнібұрын айтылып келді. Себебі экономикалық және мәдени орталықтардың басым дені ел астанасында. Оған қоса ала шапанды ағайынның демографиялық өсімі, Ташкенттегі тұрғын санының көбеюі әлеуметтік мәселелерді ұлғайтып келеді. Өзбекстан Республикасының статистика агенттігінің мәліметіне сүйенсек, бүгінде оңтүстіктегі көршіміздегі халық саны 37 миллионнан асып жығылады. Жаңа Ташкент бой көтерсе, 1 млн адамға дейін қоныстанады деген болжам бар. Демек, бас қала инфрақұрылымына түсетін жүктеме азаяды.

– Тәуелсіздік алған 30 жылда алғаш қала салмақшымыз. Жоба тәжірибелі компанияларға арқа сүйеу арқылы жүзеге асатын болады. Алайда біз осы өзгеріске дайынбыз ба? Стандарттар мен саладағы талаптар сәйкес келе ме? Сондықтан құрылысқа қажетті заңдарды қазірден әзірлеу қажет. Оның ішінде ирригация, энергетика, транспорт секілді маңызды салалар қамтылады, – деген болатын Шавкат Мирзиёев.

Президент алаңы орынды. Орталық Азияда урбанизация біркелкі дамымаған. Халық өткен ғасырда ғана ауылдан үдере көше бастағандықтан, қала мәдениеті кемшін, тұрақтауға таңдау аз. Қазақстанның өзінде ауылдан ұзағандар Астана, Алматы, Шымкент секілді қалаларға ағылады. Өзбектер де Ташкент, Ферғана, Наманган, Самарқаннан әрі аспайды. Салдарынан әлеуметтік нысандар жетіспей, инфрақұрылымға салмақ түсуде.

Садыр Жапаров Асманды инвестициялық климат үшін пайдалануды көздесе, Шавкат Мирзиёев жаңа Ташкентті озық технологиялар алаңына айналдырамын деп отыр. Бүгінгі жоспарына сенсек, еңбек нарығын жүйелеу үшін 200 мыңнан астам жалақысы жоғары жұмыс орнын құру межеленген. Сондай-ақ технопарк, IT-парк, білім беру мен медицина кластері құрылады. Ал қаланы жобалаған британиялық компанияға шаһар ұлттық архитектураның дәстүрлі реңкінен алыстатпауды тапсырыпты.

Айта кетерлігі, Өзбекстан президенті жоба жұмысын жеделдету мақсатында ел Үкіметі жаңа қалаға ауысатынын мәлімдеді. Демек, атқарушы билік жаңа Ташкентке орналасса, ескі қаладағы халық нөпірі азаяды деген сөз. Ал қос қаланы байланыстыру үшін инфрақұрылым шешімі дайын. 2 жерасты метро желісі, Шыршық пен Қарасу өзендеріне 7 көпір салу жоспарланған.

Алатау: болашақ пен байлам

Қазақстан жаңа қала құрылысына асыққан емес. Астана мен Алматыдағы халық санының өскені рас, дегенмен еңбек нарығына әсері аз-тын. Оған қоса Шымкентті республикалық маңызы бар қала санатына жатқызып, Түркістанға басымдық беру қөші-қон саясатын жүйелеуге мүмкіндік бергенін білеміз. Тек оңтүстік астанадағы кептеліс басы ашық қалған мәселе болатын.

Осыған орай Президент жыл басында Алматы облысының әкімшілік-аумақтық құрылысындағы өзгерістер туралы Жарлыққа қол қойды. Соған сәйкес Алматы облысындағы Жетіген ауылы облыстық маңызы бар қала статусын иеленіп, атауы Алатау қаласы болып өзгертілді. Мемлекет жаңа шаһардың даму жоспарын әзірлеп, сол арқылы Алматы, Қонаев қалалары мен Іле, Талғар аудандарына өркендеуіне жаңа серпін бермек. Алатау қаласының Бас жоспарына сәйкес, оның шекарасы жалпы ауданы 88 000 гектар деп белгіленді. Оның ішіне Қонаев қаласының 10 962 гектар, Іле ауданының 64 985 гектар, Талғар ауданының 12 053 гектар жері кірген.

Алатау қаласы
Фото: adilet.zan.kz

 

Белгілі болғандай, Алатауда сарапшылар ұсынған жан-жақты шешім қамтылыпты. Яғни, өндірістік, экологиялық, әлеуметтік аумақ есепке алынған. Жобада 4 аудан бар: Gate District, Goldеn District, Growing District және Green District.

Gate District – Алматы қаласына жақын, демек қаржылық-іскерлік орталық болмақ. Goldеn District білім беру мен денсаулық сақтау аймағы саналады. Ал Growing District ауданында индустриялық-логистикалық нысандар бой көтерсе, Green District – Қонаев қаласы маңы – демалыс пен ойын-сауық аймағы.

Әзірге анығы, қала аумағында жаңа әуежай, мектеп, аурухана, тұрғын үй, Disneyland, аквапарк құрылысы жүргізілетін болады. 110 мың жұмыс орнын қамтамасыз ететін 170 жоба мақұлданған. Жоспарға сәйкес, жаңа қаланың тұрғындары 2 миллионнан асады.

Алатау қаласының жобасы
Фото: Алматы облысының әкімдігі

 

Бас жоспарға сәйкес қаланы жобалау 4 кезеңге бөлінген:

Бастапқы жыл – 2022 жыл;

Бірінші кезек – 2030 жыл;

Аралық кезең – 2040 жыл;

Есептік кезең – 2050 жыл.

Алатау сейсмикалық қауіпті аймақта орналасқаны рас па?

Алатау қаласы салынатынын қоғам қалай қабылдады? Көбі мұндай жоба Алматыдағы жол кептелісі мен халық тығыздығын шешеді деп жақтаса, жер сілкінісінен үрейленіп, қала жобасына өзге аймақты таңдамағанына наразы болғандар да кездесті.

Сәті түскенде сейсмолог Әлқуат Нұрмағамбетовпен байланысып, Алатау қаласы орналасқан аймақтың жер бедері, табиғи зілзала қаупі туралы пікірін білген едік. Маманның айтуынша, Алматы қаласы маңынан жаңа шаһар тұрғызу идеясы бұрыннан бар, тіпті 20 жыл бұрын осы мақсатта арнайы сейсмологиялық зерттеу жүргізілген.

Сейсмолог Әлқуат Нұрмағамбетов
Фото: Сейсмолог Әлқуат Нұрмағамбетовтің жеке мұрағатынан

 

– Арнайы сейсмологиялық карталарда (сейсмикалық аудандау картасы – ред.) ықтимал зілзала ошақтары орналасқан белдемдер (сейсмогендік белдемдер - ред.) көрсетіледі. Мұндай карталар республикалық және облыстық деңгейде жасалады. Алматы облысының және Алматы қаласының сейсмикалық аудандау карталары қазір қолданыста бар.

Жалпы алғанда, Алатау қаласының сейсмикалық қарқыны жоғары. Кішігірім (әлсіз) жерасты дүмпулерін есепке алмағанда, жыл басында екі рет болған 5-балдық жер сілкіністері осыған дәлел. Сондықтан құбылысты зерттеу, оны алдын-ала болжау және оның салдарын азайту бағытында ғылыми-практикалық ізденіс керек, – деп қорытындылады Әлқуат Нұрмағамбетов.

Жаңа қалада нені ескеруі керек?

Урбанист Әділ Нұрмақановтың пікірінше, жалғыз құрылыс сапасы ғана емес, ғимараттардың орналасу реттілігі де нақтылануы маңызды. Себебі Алматыдағы кептеліс көбейіп, халық санын жүйелей алмаудың себебінің бірі урбанизация ережелері ескерілмегеннен. Егер мұндай қателік, жаңа қалада да қайталанса, «ескі мәселеге» қайта оралуымыз мүмкін.

Урбанист Әділ Нұрмақанов
Фото: Урбанист Әділ Нұрмақановтың жеке мұрағатынан

 

– Посткеңестік елдерде, оның ішінде Орталық Азия мемлекеттерінде қала әлеуеті толық игерілмей жататыны жасырын емес. Бір мысал, Алматы қаласында қоймалар мен индустриялық аймақтардың ауқымы орасан. Олар қалаға тым жақын орналасқан. Бұл аздай, жеке секторда бос жатқан жері көп. Алатау қаласына қатысты жобада жер көлемін тиімді пайдалану, индустриялық аймақтар мен қоймаларды қаладан алыс салу тиімді болмақ, – дейді Әділ Нұрмақанов.

Урбанистің ойынша, Орталық Азиядағы мемлекеттер қала салу кезінде алдымен өндіріске назар аударуы шарт. Айтуынша, мұндай жобалардың жемісті жолы үшін ірі кәсіпорындарды әртараптандыру, балама инвестиция тарту өзекті. Сондықтан жаңа қала тұрғындарына табыстың бірнеше көзін ұсынып, кәсіпорындарды әртараптандыру керек деген тұжырым айтты.

– «Нөлден» бастап салынған қала мен өздігінен кеңейген шаһардың айырмашылығы бар. Жаңадан қаланса, инфрақұрылым жетіліп, көп кездесетін кептелістен құтылуға болады. Алайда экономикалық қайтарымы ұзақ уақыт алуы мүмкін әрі жаңа жұмыс күшін құру да оңай іс емес. Ал табиғи жолмен қанат жайған қалада «қала рухы», тарих сақталатынын айта кету керек. Қайсыбірі болсын, көпдеңгейлі кезеңнен өтеді, – деді сарапшы.

Орталық Азия үшін жаңа қала салу – алғашқы тәжірибе. Оның жемісі мен кем-кетігі 15-20 жылдан кейін ғана байқалатыны сөзсіз. Әзірге экологиялық, демографиялық, экономикалық аспектілерді болжап, соған сай қадам жасау ғана сәтті нәтижеге кепіл болмақ.

Соңғы жаңалықтар