Өрттен адамдарды құтқарған әскери қызметкер өз ісін ерлікке баламайды
АҚТӨБЕ. ҚазАқпарат -Ақтөбе қаласындағы Ұлттық ұланның 6655 әскери бөлімінде ефрейтор болып жұмыс істейтін Рысқали Еңсепбаев екі қария мен екі баланы өрт ішінен алып шықты. Ол өз ісін ерлікке баламайды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Ақтөбедегі 6655 әскери бөлімі, штабтың аға маманы Рысқали Еңсепбаев жұмыстан кейін үйіне бара жатқан жолда Махамбет көшесіндегі үйден түтін шығып жатқан көреді. Мән-жайды білмек болып терезеден қараған әскери қызметкер тұрғындарға жедел көмек қажет екенін түсінді. Ол ойланбастан түтінге тұншыққан адамдарды құтқарды.
«Екі қабатты үйден түтін шығып жатқанын көріп, сол жаққа бет алдым. Бірінші қабатқа барып, терезеден қараған кезде бір адамның аяғы көрініп тұрды. Бірден есікке қарай жүгіріп бардым. Көршісі кіре алмай тұр екен. Түтін мен отқа қарамастан екі рет кіруге тура келді. Себебі, ішінде өз еркімен жүре алмайтын мүгедек адам бар. Пәтерге кірген кезде оның диванда жатқанын көріп, көтеріп сыртқа алып шықтым. Ал екінші қабатта екі бала болды. Терезе арқылы көтерілуге туралы келді. Балаларды дін аман сыртқы шағырылған кезде өрт сөндіру қызметі жұмысына кірісті», - деді 6655 әскери бөлімінде штабтың аға маман жауапты орындаушысы Рысқали Еңсепбаев. Өрт сөндірушілер өз жұмысына кіріскен кезде бұл хабар әлеуметтік желі арқылы тарап кетті. Осылайша әскери қызметкердің азаматтығы барлық елге белгілі болды.
«Өртеніп жатқан үйден адамдарды алып шыққанымды ешкімге айтқаным жоқ. Әріптестерім әлеуметтік желі арқылы көріп, өзіме телефон шалды. Өрттен құтқару кезінде денсаулығыма зиян келмегенін, тек көмектескенімді айттым. Қызметтестерім 6655 әскери бөлімінің тәрбие және әлеуметтік қорғау бөлім командир орынбасары Денис Чаға жеткізді. Ал жаңалық елге тарап кеткен кезде ауылдан ата-анам телефон шалып, өз ризашылығын білдірді», - дейді Рысқали Еңсепбаев. 
Өрттен аман шыққан тұрғындар өмірін сақтап алған Рысқали Еңсепбаевке алғыс айтып, әр ісін ерлікке балап жатқан кезде әскери қызметкер мұны борышым деп ағынан жарылды. Ал ҚР Ұлттық ұланның бас қолбасшысының бұйрығымен Рысқали Еңсепбаевке ІІ деңгейлі «Ұлттық ұлан қызметінің үздігі» төбелгісі берілді.
«Мұны ерлік деп айтуға болмайды. Адамдарға көмектесу әрбір әскери қызметкердің міндеті, парызы. Бұл біздің Отан алдындағы борышымыз, әскери қызметкердің қабылдаған анты», - деді ол.
Айта кетейік, Қызылорда облысы, Арал ауданы, Сазды ауылында туып-өскен Рысқали Еңсепбаев мектеп бітірген соң Құдайберген Жұбанов атындағы Ақтөбе мемлкеттік университеттің жаратылыстану факультеті, экология мамағдығы бойынша білім алды. 2012 жылдың желтоқсан айында Батыс Қазақстан облысындағы Ұлттық ұланның 5517 әскери бөлімінде әскери борышын өтеді. 
Атқыштар ротасында ефрейтер шенін алды. Бір жылдан соң үйіне оралып, үйленді, Қызылорда облысынан Ақтөбе қаласына келіп, отбасын құрды. 2015 жылдың наурыз айынан бастап Ұлттық ұланның 6655 әскери бөліміне қызметке тұрды. Қазір Нұрислам атты ұлы, Шахназ атты қызын тәрбиелеп отыр.