Өртті өзі сөндірмек болған ақтөбелік ауруханаға түсті

АҚТӨБЕ. ҚазАқпарат - Ақтөбеде жеке үйдің ауласынан шыққан өрт баспананың, құрылыс дүкенінің шатырына ұласты. Өртті өзі сөндірмек болған 38 жастағы азамат ауруханаға түсті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Өртті өзі сөндірмек болған ақтөбелік ауруханаға түсті

Бүгін сағат 16:29-да Ақтөбе қаласы, Жиенбаев көшесіндағы №44 жеке үйдің ауласы өртеніп, өрт үйдің және жалғасып салынған құрылыс дүкенінің шатырына ауысты. Өрт сөндіру және авариялық-құтқару жұмыстары қызметінің 17 адам, 4 автокөлік жіберілді.

«Өрттің жалпы өрт алаңы - 200 ш.м. Өрт сөндіру барысында жапсарлас салынған дүкен және гараж көлігімен құтқарылды. Өз күшімен сөндіру барысында құлап, жарақат алған 38 жастағы ер адам жедел жәрдем қызметкерлерінің күшімен ауруханаға жеткізілді», - деп хабарлады облыстық төтенше жағдайлар департаментінің баспасөз қызметі.

Айта кетейік, Апаттар медицинасы орталығының мамандары 3 адамға психологиялық көмек көрсетті.