Орынбордағы ірі жол апатында бірнеше ақтөбелік қаза тапты

АҚТӨБЕ. ҚазАқпарат - «Орынбор - Соль-Илецк» тасжолында ірі жол апаты болды. Зардап шеккендер мен қаза болғандар арасында Қазақстан азаматтары, оның ішінде ақтөбеліктер бар, деп хабарлады Төтенше жағдайлар комитетінің баспасөз қызметі.

Орынбордағы ірі жол апатында бірнеше ақтөбелік қаза тапты

Бүгін «Орынбор - Соль-Илецк» тасжолында ірі жол апаты болды. Алдын ала белгілі болғаны, 5 адам қаза тауып, 2 адам түрлі дене жарақатымен ауруханаға түсті.

«Сағат 13:50-де Ақтөбе облыстық ТЖД-не Орынбор облысының 52 шақырымында жол апаты болғаны туралы хабар түсті. Оқиға «Орынбор - Соль-Илецк» тасжолының Елшанка ауылы маңында болды. Жол-көлік оқиғасы кезінде жүк көлігі мен «Volkswagen» соқтығысып, 5 адам қаза тапты. Тағы екі адам Соль-Илецк қаласындағы ауруханаға жеткізілді. Ресейдегі төтенше жағдайлар министрлігінің Орынбор облыстық өкілдігі мерт болғандар мен жарақат алғандар арасында Қазақстан азаматы бар екенін айтты», - деп хабарлады ТЖК баспасөз қызметі.

Айта кетейік, қазір Ақтөбе облыстық ТЖД-і жедел желіні іске қосты. Байланыс тел: 8 (7132) 24-23-65 және 70-38-16. Алдын ала мәлімет бойынша жол апаты кезінде қаза тапқан адамдардың бәрі Ақтөбе облысының тумасы.