Осы жыл фермерлер үшін оңай болған жоқ – Министр егін науқаны туралы
Биыл 24 млн гектар жерден ауыл шаруашылығы дақылдары жиналады. Бұл туралы ҚР Ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаров айтты, деп хабарлайды Kazinform.

«Осы жыл фермерлер үшін оңай болған жоқ. Жекелеген өңірлердегі аптап ыстықтан кейін негізгі астық егетін өңірлерге келген нөсер жаңбыр 25 күннен астам уақытқа созылды. Бұл ретте жауын-шашын нормасы жылдық орташа көрсеткіштен 3 есе артық болды. Бүгінгі таңда Үкімет осы салдарды барынша азайту бойынша барлық қажетті шараларды қабылдады», - деді А.Сапаров Үкімет отырысында.
Туындаған мәселелерді жедел шешу мақсатында министрлік жанынан жедел штаб құрылған, оған жергілікті атқарушы, мүдделі мемлекеттік органдардың, ұйымдардың өкілдері кірген. Одан бөлек, республикалық және өңірлік деңгейде барлық мүдделі тарап өкілдерімен жұмыс топтары құрылған.
«Биыл жалпы ауыл шаруашылығы дақылдары жиналатын алаң – 24 млн гектар. Бұл 2022 жылмен салыстырғанда 652 мың гектарға көп. Оның ішінде астық жиналатын алаң – 17,1 млн гектар. Биылғы егін жинау науқанына шамамен 150 мың трактор, 39,0 мың астық жинайтын комбайн, 14 мың орақ және 140 мың басқа техника қолданылды», - дейді министр.