Өскемен көшелерін түтін басты: Арнайы облыстық штаб құрылып, бақылау күшейтілді
ӨСКЕМЕН. KAZINFORM – Өскемендегі Титан магний комбинаты орналасқан шағын ауданды түтін тұмшалап кетуіне байланысты тексеру жүргізілді.

Кеше ШҚО Экология департаментінің мамандары Өскемендегі Титан магний комбинаты орналасқан шағын ауданда хлордың шекті рұқсат етілген концентрациядан асып кету фактісін тіркеген болатын.

Осыған байланысты облыстық штаб құрылып, сол жерде жұмыс істеп жатыр. Мәселе ШҚО әкімдігінің бақылауына алынған.
- Мамандар барлығы 8 жерден 144 ауа сынамасын алды. Сынамаларға 18 түрлі зат бойынша сараптама жасалды. Олардың ішінде хлор, тұз қышқылы, күкірт диоксиді, формальдегид, аммиак, қорғасын секілді зиянды элементтер болды. Сағат 21:44-ке дейін жүргізілген зерттеу нәтижесінде, бірде-бір заттың шекті мөлшерден аспағаны анықталды. Бұл мәліметтер облыстық Экология департаментіне жолданды, - деп хабарлады ШҚО Өңірлік коммуникациялар қызметінен.
Еске салсақ, осыған дейін Өскеменде желіде тараған видеодан соң экологтар тексеру жүргізгені хабарланған.