Өскеменде 1 715 бүлдіршін балабақшаға бара алмай отыр
ӨСКЕМЕН. KAZINFORM — Өскеменде балабақша саны аз. Қалада балабақша жасындағы 1 715 бала әлі күнге өз кезегін күтіп отыр.
Әсіресе, Жібек мата комбинаты ықшамауданында балабақша мәселесі өзекті болып тұр. Қарқынды дамып келе жатқан ауданда жаңа тұрғын үй кешені көп, онда көбіне жас отбасылар тұрады. Мұндағы балалар балабақшаға бару үшін әзірге кезегін күтуден басқа амалы жоқ.
Шығыс Қазақстан облысы білім басқармасының мәліметінше, қазір Өскеменде 101 мектепке дейінгі мекеме жұмыс істейді, оларға 17 054 бала барады.
— Оның ішінде 14 730 бала балабақшалар мен шағын орталықтарда, тағы 2 324 бала мектептердегі мектепалды даярлық сыныптарында оқиды. Сонымен қатар, тұрғын үй құрылысының белсенді жүргізілуіне байланысты орын тапшылығы Жібек мата комбинаты ықшамауданында бар. Онда кезекте 1 715 бала тұр, — деп хабарлады ШҚО білім басқармасы.
Басқарма мектепке дейінгі білім беру мекемелерін ашу қарқыны әлі күнге сұранысты толық орындай алмай отырғанын мойындайды.
Қалада қаңтар айынан бастап 392 жаңа орын ашылды, жыл соңына дейін олардың санын 812-ге жеткізу жоспарланған. Дегенмен, бұл шаралардың өзі мәселені толық шешпейді.
Өскеменде биыл 1 наурыздан бастап мектепке дейінгі білім беруді ваучерлік қаржыландыру механизмі енгізілді. Бұл жүйеге мемлекеттік бағдарлама бойынша 82 балабақша көшті. 1 наурыз бен 11 желтоқсан аралығында 22 657 жолдама берілді.
Айта кетейік, бұған дейін елімізде «Жасыл балабақшалар» саны артып келе жатқанын жазған болатынтыз.