Өскеменде 4 жасар бала төртінші қабаттан құлап кетті
ӨСКЕМЕН. KAZINFORM – Өскемен қаласында төртінші қабаттың терезесінен құлап кеткен бүлдіршін ауруханаға жеткізілді.

Оқиға Жібек маталар комбитаты ықшам ауданындағы Көкжал Барақ көшесінде болған. Үйде қараусыз қалған 4 жасар қыз терезеден құлап кетті. Бүлдіршін түрлі дене жарақаттармен ауруханаға жеткізілген.
– Бала әуелі жансақтау бөліміне жатқызылды. Қазір оның жағдайы орташа ауыр деп бағаланған. Ана мен бала орталығының дәрігерлері қажетті ем-домын жасап жатыр, - деп хабарлады ШҚО Денсаулық сақтау басқармасынан.
Облыстық Төтенше жағдайлар департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, жыл басынан бері өңір бойынша 7 бала терезеден құлап кеткен.
Еске салсақ, осыған дейін Өскеменде терезе жуамын деп бесінші қабаттан құлаған әже көз жұмғаны хабарланған.