Өскеменде ауа сапасын бақылайтын мобильді зертхана іске қосылады

ӨСКЕМЕН. KAZINFORM – Шығыс Қазақстан облысының экология департаменті қазан айында ауа сапасын бақылауға арналған заманауи мобильді зертхана сатып алмақ. 

Өскеменде ауа сапасын бақылайтын мобильді зертхана іске қосылады
Фото: Өскемен тұрғындарынан

Бұл зертхана қоршаған ортаның ластануын нақты уақыт режимінде бақылап отыруға және экологиялық қауіп-қатерлерге жедел әрекет етуге мүмкіндік береді. 

«Қазгидромед» РМК мәліметінше, 2025 жылдың басынан бері Өскеменде 69 күн бойы қолайсыз метеорологиялық жағдай қалыптасқан. Мұндай кезде жел соқпай, зиянды қоспалар ауада қалып, қаланы қалың түтін тұмшалап алады. 

Мәселен, өткен жылдың қарашасында тұрғындар бір ай бойы шаһар ішін түтін басқандықтан далада дем алу мүмкін еместігін айтып, шағымданған болатын. Осыдан кейін «Өскемен тынысы» экологиялық бюросын құру туралы шешім қабылданды. Ал экология департаментін жаңа қондырғымен қамтамасыз ету – осы бюроның алғашқы бастамаларының бірі болды. 

– Мобильді зертхана ластау көздерін жедел анықтауға және сол жерде бірден өлшеу жүргізуге мүмкіндік береді. Бұл департамент жұмысының тиімділігін арттырып, экологиялық бақылауды барынша ашық етеді, - деді «Өскемен тынысы» экобюросының жобалық кеңсесінің жетекшісі Елена Березинская-Абилова.

Еске салсақ, осыған дейін Өскемен тұрғындарының шағымынан соң экологтер тексеру жүргізгені хабарланған. 

Соңғы жаңалықтар