Өскеменде ауа сапасына 2 күн бойы жүргізілген тексерулер нәтижесі жария етілді
ӨСКЕМЕН. KAZINFORM – Өскемен қаласында қалыптасқан қолайсыз метеорологиялық жағдайға байланысты ауа сапасы тексеріліп жатыр.

Соңғы күндері қалада жел соқпағандықтан қолайсыз метеорологиялық жағдай жарияланған. Тұрғындар көшелерді түтін басқаны жайлы шағым түсірген соң экологтар 24 шілдеде тексеру жүргізіп, кәсіпорындарға жоспардан тыс мониторинг жүргізген болатын.
Тексеру жұмыстары 25 шілдеде де жалғасты. ШҚО Экология департаментінің зертханалық-талдамалық бақылау бөлімінің мамандары «Өскемен тынысы» экологиялық қауіпсіздік бюросымен бірлесіп, ірі өнеркәсіптік объектілердің санитарлық-қорғау аймақтарында ауа сапасына жоспарлы мониторинг жүргізді.
Мәліметтер анық әрі объективті болуы үшін үш түрлі әдіс қолданылды. Атап айтқанда, ауадан сынама алып, химиялық талдау жүргізілді, ауа лабораториялық жабдықтарды пайдалана отырып өлшенді және жедел өлшеу құрылғыларымен экспресс-бақылау жасалды. Соның нәтижесінде, ауадағы зиянды заттардың рұқсат етілген шектен асу фактісі тіркелген жоқ, - деп хабарлады департаменттің баспасөз қызметінен.
Осы ретте, ведомство өкілдері азаматтарды тек ресми ақпарат көздеріне сенуге және жалған ақпарат таратпауға шақырды.
Еске салсақ, осыған дейін экологиялық мәселелер туралы Телеграм-бот халықтың 22 мың арыз-шағымын қабылдағаны хабарланған.