Өскеменде ауаға тараған екі зиянды заттың мөлшері рұқсат етілген шектен асып кеткені анықталды

ӨСКЕМЕН. KAZINFORM — Өскемен қаласында қолайсыз метеорологиялық жағдайдың екінші деңгейі әлі сақталып отыр.

Өскеменде ауаға тараған екі зиянды заттың мөлшері рұқсат етілген шектен асып кеткені анықталды
Фото: Өскемен тұрғындарынан

16 қараша күні кешкісін басталған қолайсыз метеорологиялық жағдай салдарынан зиянды заттар көшелерде шоғырланып, қала ішін түтін басқан. Бүгін де Өскеменде желсіз күн болды. 

«Қазгидромет» РМК Шығыс Қазақстан облыстық филиалының мәліметіне сүйенсек, екінші деңгейлі қолайсыз метеорологиялық жағдай 18 қарашаның кешіне дейін созылады деп күтіліп отыр. 

— Бүгін ауаның ластану көрсеткіштеріне мониторинг жүргізілді. Соның нәтижесінде, ауаға тараған екі зиянды заттың мөлшері рұқсат етілген шектен асып кеткені анықталды. Нақты айтқанда, күкіртті сутегі рұқсат етілген деңгейден 2,6 есе, ал күкірт диоксиді 1,373 есе асқан, — делінген ақпаратта.

Еске салсақ, осыған дейін ШҚО-да экологиялық талаптарды бұзған шошқа фермасы жауапқа тартылғаны хабарланған. 

Соңғы жаңалықтар