Өскеменде ауаға тараған үш зиянды заттың мөлшері шекті деңгейден асып кеткен
ӨСКЕМЕН. KAZINFORM — Өскемен қаласында ауаға тараған үш зиянды заттың мөлшері шекті деңгейден асып кеткені анықталды.
Бірнеше күннен бері қалада атмосфералық ауада зиянды заттардың шоғырлануына қолайлы метеорологиялық жағдай қалыптасып отыр.
Егер 6 қыркүйекте күкіртсутек мөлшері шекті деңгейден 1,475 есе асса, 8 қыркүйектегі өлшеу нәтижесінде бірден үш зат бойынша — күкіртсутек, күкірт диоксиді және көміртек оксиді бойынша нормативтен жоғары көрсеткіш анықталды.
Ең жоғары көрсеткіш күкіртсутек бойынша тіркелді. Ол шекті деңгейден 1,938 есе асса, күкірт диоксидінің концентрациясы 1,862, ал көміртек оксиді бойынша 1,679 есе асып отыр. Ал азот диоксиді, азот оксиді, PM2.5 және PM10 өлшенген бөлшектерінің концентрациясы белгіленген шектен аспаған.
Ертең де ауа сапасы жақсармайды. Өскеменде 8 қыркүйек сағат 20:00–ден 9 қыркүйек сағат 20:00–ге дейін бірінші дәрежелі қолайсыз метеорологиялық жағдайға байланысты ескерту жарияланды.
Мұндай метеорологиялық жағдайда атмосферадағы ластаушы заттар нашар таралып, жерге жақын ауа қабатында жиналуы мүмкін. Қолайсыз метеорологиялық жағдайдың ең төменгі — бірінші дәрежесі кезінде қала мектептері штаттық режимде жұмысын жалғастырады.
Мамандар тұрғындарға далада жүру уақытын қысқартуға және мүмкіндігінше терезелерді жабық ұстауға кеңес берді.
Еске салсақ, осыған дейін ШҚО-да экологиялық заңнама талаптарын бұзған әкімдер жауапқа тартылғаны хабарланған.