Өскеменде ауаның ластануын өлшейтін құралдардың жарамдылығы тексерілмек
ӨСКЕМЕН. KAZINFORM — Өскемен қаласында ауаның ластану көрсеткішін өлшейтін құралдардың жарамдылығына тексеру жүргізіледі.

23 қарашадан бастап Өскеменде қолайсыз метеорологиялық жағдай қалыптасқан. Сол уақыттан бері тұрғындар ауа сапасының күрт нашарлап кеткеніне қайта-қайта шағымданып келеді. Ең әуелі Назарбаев даңғылында орналасқан Достық үйі мен Гагарин бульвары көшесінің маңындағы тұрғын үйлердің халқы шағым түсірді. Одан соң 25 қарашада бұрыннан таза аудан саналатын Жібек маталар комбинаты ықшамауданын қара түтін басқан.
Экологтар ауа сапасына қатысты өлшеу жұмыстарын жүргізді. Соның нәтижелері бойынша атмосфералық ауадағы ластаушы заттардың шекті рұқсат етілген концентрациясынан асу дерегі анықталған жоқ. Алайда бұған жергілікті халық келіспей, көшеге шыққанда қатты жөтеліп, тамақтары ауырып, жүректері айнығанын алға тартуда.

«Өзім балабақшада жұмыс істеймін. Қазір балалар арасында тамағы ауырып, жөтеліп қалғандар көбейді. Далаға шығып дем алғанда ауаның ластанып тұрғаны сезіледі. Экологтардың шешімін әлеуметтік желіден оқыдым. Бірақ бұл ақылға сыймайды!», — деп Зарина есімді қала тұрғыны наразылығын білдірді.
ШҚО әкімі баспасөз қызметінің мәліметіне сүйенсек, бұл мәселе облыс әкімдігінің бақылауында.
«Өскемендегі атмосфералық ауаның ластануын өлшеуге арналған барлық құралдың сертификатталғанына тексеру жүргізіледі. Халық қаланың әр аумағындағы жағдай туралы хабардар етіліп отырады. Сондай-ақ, желтоқсан айында өндірістік кәсіпорындармен екі жақты жасалған меморандумдардың орындалуы мен атмосфераға зиянды шығарындыларды азайту жоспарлары қаралады», — деді аймақ басшысы Ермек Көшербаев.
Еске салсақ, бұған дейін мұржасынан ақау шыққан Екібастұз электр стансасына қатысты экология департаментінің тексеру жүргізіп жатқаны хабарланған.