Өскеменде балалардың пайдасына 171 млн теңге алимент өндірілді

АСТАНА. KAZINFORM – Өскемен қаласында 6 мыңнан астам алимент өндіру туралы шешім орындалып жатыр. Төлемнің уақытылы түсуіне 8 мыңға жуық бала үміт артып отыр.

алимент
Фото: Kazinform

Алайда жүздеген отбасы әлі де ата-аналардың төлемнен жалтаруы мәселесіне тап болып отыр. Шығыс Қазақстан облысы прокуратурасы мәліметінше, бүгінде қалада 649 проблемалық өндіріс бар, берешек 1 млрд теңгеден асады.

Өскемен қаласының прокуратурасы олардың құқығын қорғау жұмысын күшейтті. Борышкерлердің автокөліктері ұсталып, олардың деректері «Поток» және «Мерген» жүйелеріне енгізілді.

Жүйелі түрде төлемейтіндерге әкімшілік және қылмыстық жауаптылық қолданылып жатыр. Ресми жұмысы жоқ борышкерлер жұмыспен қамту орталығына жіберіліп, олардың еңбекке орналасуы тұрақты бақылауда тұр. Сонымен қатар жеке сот орындаушыларына бақылау күшейтіліп жатыр.

Тексеру қорытындысы бойынша 25 тұлға тәртіптік жауапкершілікке тартылды. Жыл басынан бері балалардың пайдасына 171 млн теңге өндірілді.

Бұл сома – әр баланың тамағы, киімі, емі, білімі. Қадағалаушы орган балалардың құқығын қорғау бойынша кешенді жұмысты жалғастырып жатыр.

Айта кетейік, Шымкентте алиментке 4,8 млн теңге берешегі бар ер адам сотталды.

Соңғы жаңалықтар