Өскеменде былтыр ақау шыққан жылу орталығы жылыту маусымына дайын ба

«Өскемен ЖЭО» ЖШС қаладағы тұрғын үйлер мен өнеркәсіптік кәсіпорындардың 80 пайызын жылумен қамтамасыз етеді.
Былтырғы жылыту маусымында орталықтан ақау шығып, жұрт үйлерінің суып кеткеніне шағымданған болатын.
Биыл осындай олқылық қайталанбас үшін ЖЭО-да жөндеу жұмыстары жүргізілуде.
«Бүгінгі таңда жөндеу жұмыстары бекітілген кестеге сәйкес жүргізіліп жатыр. Негізгі және қосалқы жабдықтардағы жұмыс аяқталуға жақын. Жоспарланған жөндеу жұмыстарының жалпы көлемінің 71,5 пайызы орындалды», - деп мәлім етті жылу электр орталығынан.
Алдағы жылыту маусымына дейін барлығы 9 қазандық пен 8 турбина жөнделмек. ЖЭО-дағы жөндеу жұмыстарына 8,8 млрд теңге жұмсалады.
Еске салсақ, осыған дейін Риддердегі жылу орталығында жөндеу жұмыстарының қалай жүргізіліп жатқанын хабарлаған едік.