Өскеменде экологтар сары түсті қарға қатысты тексеруді аяқтады
ӨСКЕМЕН. KAZINFORM – Өскемен қаласында экологтар сары түсті қар жауғаны туралы ақпарат түскен соң тексеру жүргізді.
ШҚО Экология департаментінің мәліметіне сүйенсек, қар түсінің өзгергені туралы хабарламалардан соң қар сынамалары алынып, тиісті зерттеулер жүргізілді.
- Талдаулар аккредиттелген зертханада жасалды. Зерттеу нәтижелеріне сәйкес, ластаушы заттардың шекті рұқсат етілген концентрацияларынан асу фактілері анықталған жоқ. Алдын ала мәліметтер бойынша, қар түсінің өзгеруі ауа массалары арқылы шаң мен құм бөлшектерінің тасымалдануымен байланысты, - делінген ақпаратта.
«Қазгидромет» РМК деректеріне сәйкес, 10-11 қаңтар аралығында қалада солтүстік-батыс бағытта жылдамдығы секундына 15-20 метрге дейін жеткен жел соққан. Бұл ауағадағы бөлшектердің қарға таралуына ықпал еткен.
- Мұндай табиғи құбылыс бұған дейін де, нақты айтқанда 2018 және 2021 жылдары тіркелген. Қазіргі жағдай уәкілетті қызметтердің бақылауында. Қоршаған ортаның жай-күйіне мониторинг жүріп жатыр, - делінген хабарламада.
Еске салсақ, осыған дейін Өскеменде экологтер сары түсті қар жауғаны туралы ақпаратты тексеріп жатқаны хабарланған.