Өскеменде ғалымдар ауа сапасына мониторинг жасау үшін картографиялық атлас жасап жатыр
ӨСКЕМЕН. KAZINFORM – Өскемен қаласында өткен жылдың қараша айынан бері ауа сапасына қатысты халықтың шағымы қарша борап кетті. Соған байланысты экологиялық жағдайға мониторингті күшейту туралы ұсыныстар да жиі айтылып жатты. Осы ретте, өскемендік ғалымдар мониторингтің тың әдісін ұсынып, жаңа жобаны қолға алды.

Қалада жел соқпаған кезде көшелерді түтін басып алады. Қолайсыз метеорологиялық жағдай қалыптасқандықтан тұрғындарға далада ұзақ жүрмей, пәтердегі терезелер мен желдеткіштерді жауып, қайнатылған, тазартылған немесе газсыз минералды су мен шәйді жиі ішу ұсынылады.
Халық арасында ауа сапасына жасалатын мониторингке күмәнмен қарайтындар жетерлік.
Атмосфераға жыл сайын 400 мың тоннадан астам зиянды заттар шығарылады. Бұл аз емес. Жағдайды реттеу үшін Өскеменде арнайы құрылған экологиялық бюро ресми түрде жұмысын бастады.
Ұйымның мақсаты - шаһардағы ауа сапасын жақсартуға ықпал ету және кәсіпорындарға салынған экологиялық айыппұлдардан түскен қаражатты бөлу бойынша ұсыныстар енгізу.
Енді сапалы мониторинг жүргізу үшін не істелмек деген сұрақ туындайды. Бұл тұрғыда жергілікті ғалымдар еңбектеніп жатыр. С.Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан университетінің қауымдастырылған профессоры, биология ғылымдарының кандидаты Гүлназ Садықанова халықтың денсаулық көрсеткіштері мен қоршаған ортаның ластануын геоақпараттық технологияларды қолдана отырып сапалы экологиялық-медициналық-биологиялық мониторинг жүргізуді ұсынды.
Барлық алынған деректер интерактивті картографиялық атласқа жүктелмек.
– Бізді қоршаған ортаға күн сайын күкірт ангидриді, азот оксидтері, мышьяк, селен, сынап, литий және басқа да токсинді металдардың бөлшектері таралады. Бұл зиянды заттар тағам, ауыз су және атмосфералық ауа арқылы адам ағзасына түседі. Мұны жай көзбен көру мүмкін болмағанымен, кез келген тұрғын біз құрастырған атластан бұл көрсеткіштерді көре алады, – дейді Гүлназ Садықанова.
Атласта қазақ, орыс және ағылшын тілдерінде экологиялық және медициналық мәліметтерді қамтитын электронды деректер қоры болмақ. Бүгінде ғалымдар тобы Гүлназ Садықанованың басшылығымен корреляциялық және регрессиялық талдау жұмыстарын жүргізуде.
Профессор бұл күрделі жобаны жүзеге асыруға тек ғылыми қызығушылығы ғана емес, өзінің жеке себептері де ықпал еткенін айтты. Өскеменде 30 жылдан астам тұрып келе жатқан ол, кенеттен пайда болатын аллергиялық жөтел, мұрынның ашуы немесе тамақтың қатты қышуы сияқты жағдайларды жақсы біледі.
– Біздің атлас эколог, биолог, генетик, картография және медицина салаларының мамандарын біріктіріп, қоршаған ортаның ластануының салдарын көрсететін концептуалды модель құруға мүмкіндік береді. Сонымен қатар халықтың денсаулығы мен экожүйені сақтауға бағытталған практикалық ұсыныстар жасайды, – дейді жоба авторы.
Еске салсақ, осыған дейін елімізде ауа сапасы нашарлаған қалалар саны күрт артқаны хабарланған.