Өскеменде қолайсыз метеожағдай туралы ескерту неге сиреді – Қазгидромет түсіндірді
ӨСКЕМЕН. KAZINFORM – Өскемен тұрғындары қалада түтін мен тұман жиі байқалғанымен, қолайсыз метеорологиялық жағдай (ҚМЖ) туралы ресми ескертулердің азайғанына шағымданып отыр. «Қазгидромет» мамандары мұны ауа сапасын бақылаудың автоматтандырылған жүйесіне көшумен байланыстырады.
Қала тұрғындарының айтуынша, кей күндері көшеде тыныс алудың өзі қиындайды. Алайда синоптиктер бұрынғыдай қолайсыз метеожағдай туралы ескерту жарияламайды.
Бұл мәселе әсіресе мектеп оқушылары үшін өзекті. 2026 жылғы ақпан айының басында Өскеменде қолайсыз метеожағдай кезінде мектептерді қашықтан оқытуға көшірудің арнайы тәртібі бекітілген болатын.
Ережеге сәйкес, екінші дәрежелі қолайсыз метеожағдай үш күн қатарынан сақталса, төртінші күні сабақ онлайн форматқа ауыстырылады. Ал үшінші дәрежелі қолайсыз метеожағдай тіркелсе, оқушылар бірден қашықтан оқуға көшеді.
Алайда бұл тәртіп қабылданғалы бері мектеп оқушылары тек бір рет – 2026 жылғы 15 ақпанда онлайн оқуға жіберілген. Одан кейін қолайсыз метеожағдай туралы ескертулер күрт азайған.
«Қазгидромет» мамандарының түсіндіруінше, мұндай ескертулер тек арнайы есептелетін «Р» көрсеткіші негізінде жарияланады. Бұл көрсеткіш желдің жылдамдығын, тұманды және зиянды шығарындылардың жер бетіне жақын қабатта жиналуына ықпал ететін температуралық инверсияны ескере отырып, атмосфераның өзін-өзі тазарту қабілетін бағалайды.
– Бұрын ауа сынамалары қолмен және ұзақ уақыт аралығында алынатын. Соның салдарынан жалпы статистикалық көріністе кейбір өзгерістер байқалмай қалатын. Қазір автоматтандырылған бақылау бекеттері әр 20 минут сайын үздіксіз мәлімет береді. Бұл желдің өзгерісін, түнгі температуралық инверсияны және ауаның қысқа мерзімде қатты ластануын нақты тіркеуге мүмкіндік берді. Бұрын қолмен жүргізілген өлшеулер мұндай өзгерістерді толық қамти алмайтын, – деп түсіндірді мамандар.
Автоматты станциялардан түсетін мәлімет көлемінің ұлғаюына байланысты есептеудің математикалық негізі де өзгерген.
Бекітілген әдістемеге сәйкес, қолайсыз метеожағдайдың шекті көрсеткіші әр қала үшін көпжылдық бақылау нәтижелері негізінде жеке есептеледі. Бұл ретте барлық бақылау кезеңіндегі ең күрделі жағдайлардың тек 2 пайызы ескеріледі.
Автоматты станциялардан үздіксіз алынған деректерге сүйенген есептеу Өскемен үшін «Р» көрсеткішінің шекті мәні 0,90 екенін көрсетті. Ал бұрын қолмен өлшейтін бекеттердің деректері бойынша бұл көрсеткіш 0,46 болған.
Осыған байланысты «Қазгидромет» 2026 жылғы 26 ақпаннан бастап күнделікті ақпараттық бюллетеньдерінде жаңартылған көрсеткіштерді жариялай бастаған.
Мекеме өкілдері «Р» көрсеткішінің шекті мәні екі есеге жуық өскені қала ауасының екі есе ластанғанын немесе керісінше, екі есе тазарғанын білдірмейтінін атап өтті. Бұл тек қолмен және автоматты түрде жүргізілетін өлшеулер жиілігінің айырмашылығына байланысты.
Дегенмен Өскемен тұрғындары мұндай түсіндірумен келіспейді. Олардың айтуынша, желсіз күндері қаладағы ауа сапасы жақсармаған. Ал қолайсыз метеожағдай туралы ресми ескерту жарияланбағандықтан, қалың түтін кезінде балаларды үйде қалдыру мүмкіндігі шектеліп отыр.
«Қазгидромет» мамандары қолайсыз метеорологиялық жағдай туралы ақпарат беру тәртібі Қазақстан Экологиялық кодексінің 210-бабына сәйкес салалық министрліктің бұйрығымен реттелетінін мәлімдеді. Барлық есептеу мемлекеттік әдістеме негізінде жүргізіледі.
Айта кетейік, бұған дейін «Қазгидромет» 30 қыркүйекте Өскеменді қоса алғанда, еліміздің алты қаласында ауа сапасы нашарлауы мүмкін екенін ескерткен болатын.