Өскеменнің ауасы қашан тазарады

ӨСКЕМЕН. KAZINFORM — Өскемен тұрғындарының бұрыннан бері қайта-қайта көтеріп келе жатқан мәселесі — экологияның жай-күйі. Kazinform тілшісі бұл түйіні тарқатылмаған түйткілдің қазіргі ахуалына үңіліп көрді.

Өскемен
Фото: қала тұрғындарынан

Ауаны ластайтын қанша кәсіпорын бар?

Өскемендіктерден экология туралы сұрағанда бәрі бірауыздан ең әуелі кәсіпорындардан ауаға тарайтын зиянды шығарындыларды айтады. 

— Өзім Бажов көшесінде тұрамын. Жергілікті жұрттың тілімен айтқанда «газдың ортасында» күн кешіп жатырмыз. Себебі жақын маңда Казцинк зауыты орналасқан. Желсіз күндері тіптен қиын. Балаларымыз да, өзіміз де жөтеліп, ыстығымыз көтеріліп, өне-бойымызды әлсіздік басады. Осылай құтты күні желдің соғуын тілеп жүреміз, — дейді Әсем есімді қала тұрғыны. 

Расымен де қолайсыз метеорологиялық жағдай қалыптасқан күндері түтін шаһар көшелерін тұмшалап алады.

Сол кезде желіде түрлі видеолар мен кәсіпорындарда апат болғаны жайлы фейктер ауық-ауық тарап тұрады. 

— Шығыс Қазақстан облысының өзектілігін жоймай тұрған экология проблемасы өнеркәсіптік шығарындылардың жоғары шоғырлануына, кәсіпорындар санының едәуір көптігіне, қала ішінің табиғи желдетілуін қиындататын күрделі географиялық жағдайға байланысты болып қала береді. Өңірдің атмосфералық ауасына ластаушы заттардың түсуінің негізгі көздері — өнеркәсіптік кәсіпорындар, автокөлік және жеке тұрғын үйлер. Өңір бойынша қоршаған ортаға эмиссияны жүзеге асыратын бірінші, екінші, үшінші санаттағы кәсіпорындар жұмыс істейді, — деп жауап берді Экология және табиғи ресурстар вице-министрі Жомарт Әлиев Kazinform тілшісінің сауалхатына.

Бүгінде облыста қоршаған ортаға теріс әсер етудің I санатына жататын 62 кәсіпорын, II санаттағы — 71, III санаттағы — 267 және IV санаттағы — 678 кәсіпорын тіркелген.

Оның ішінде ірі компаниялар — «Казцинк» ЖШС, «Үлбі металлургия зауыты» АҚ, «Өскемен титан-магний комбинаты» АҚ, «Өскемен ЖЭО» АҚ, «Бұқтырма цемент компаниясы» ЖШС.

Өткен жылы ауаға тарайтын зиянды шығарындылар лимиті өңірдегі I санатты кәсіпорындар үшін — 76,48 мың тонна (2023 жылы шығарындылар лимиті — 79,2 мың тонна) болған.

«Казцинк» ЖШС — 22,5 мың тонна (29,4%), «Өскемен ЖЭО» ЖШС — 14,23 мың тонна (18,6%).

УК
Фото: қала тұрғындарынан

— Аймақтағы экология мәселесін кешенді шешу мақсатында министрлік пен облыс әкімдігі «Шығыс Қазақстан облысының экологиялық проблемаларын кешенді шешу жөніндегі 2023-2025 жылдарға арналған жол картасын» бекіткен. Оны орындау аясында қабылданған шаралар атмосфералық ауаның ластануын азайтуға, табиғи және су ресурстарына теріс әсерді азайтуға ықпал етеді. Бұл өз кезегінде экологиялық жағдайды жақсартады және халықтың өмір сапасын арттырады. Соның нәтижесінде, қазіргі уақытта Үкімет металлургия және жылу энергетикасы кәсіпорындары үшін 16 ең үздік қолжетімді технология анықтамаларын бекітті. Өскемен қаласында тұрақты негізде атмосфералық ауаның жай-күйіне мониторинг жүргізіліп жатыр. Нақты айтқанда, аумақтағы атмосфералық ауаның жай-күйін бақылау Қазгидрометтің 10 бақылау бекетінде жүргізіледі. Ал зиянды шығарындыны азайту шараларын күшейту үшін кәсіпорындар қолайсыз метеорологиялық жағдай кезінде «Шығарындыларды азайту жөніндегі іс-шаралар жоспарын» әзірлеп, экология департаментіне жібереді, — дейді Жомарт Әлиев.

Шығыс Қазақстан бойынша мониторингтің автоматты жүйесі 10 кәсіпорында орнатылған.

Олар — «Қазмырыш» Өскемен металлургия кешені ЖШС, «Қазмырыш» Ридер металлургия кешені ЖШС, «Қазмырыш» Риддер тау-кен байыту кешені ЖШС, «Қазмырыш» Алтай тау-кен байыту кешені ЖШС, «Үлбі металлургия зауыты» АҚ, «Өскемен титан-магний комбинаты» АҚ, «Өскемен ЖЭО» ЖШС, «Бұқтарма цемент компаниясы» ЖШС, «Востокцветмет» ЖШС, «Согринская ЖЭО» ЖШС.

— Облыс бойынша кәсіпорындарда шаң-күл ұстағыш және газ тазарту қондырғыларын жүйелеу, жөндеу, қайта жаңарту бойынша іс-шаралар атқарылды. Мысалы, «Өскемен ЖЭО» ЖШС-да орташа қысымды қазандық эмульгаторларының құйындысы ауыстырылып, күл ұстайтын қондырғылар және қазандық агрегаттардың қыздырғыш құралдары жөнделді. «Бұқтырма цемент компаниясы» ЖШС стационарлық көздерден ластаушы заттар шығарындыларының алдын алу және азайту, оның ішінде шаң ұстайтын жабдықтың тиімділігін қамтамасыз ету жөніндегі іс-шараларды іске асырды, — дейді вице-министр.

28 мыңға жуық үй көмір жағады

Өскемен қаласында әлі күнге дейін көмір жағып отырған 28 мыңға жуық үй бар. Жоғарыда айтылған жол картасының шеңберінде 2024 жылы Малдыбаев көшесі бойындағы 36 жер үй орталық жылумен жабдықтауға қосылған.

— Южное ауылы, Ермак, Қарбышев, Малдыбаев көшелеріндегі тұрғын үйлердің орталық жылуға қосылуына байланысты № 3 қазандықты қайта жаңарту жұмыстары жүргізіліп жатыр, — деп хабарлады министрліктен.

өскемен
Фото: қала тұрғындарынан

Алайда бұл теңізге тамған тамшыдай болып тұр. Халық бұл жұмыстардың қарқындырақ жүргізілгенін қалайды. 

— Мирный кентіндегі жер үйде тұрып жатқанымызға 30 жылға жуық уақыт болды. Жыл сайын көмір жағып шаршадық. Қалаға жақын тұрған кентке неге көңіл бөлінбейді? Қара отынның да бағасы жыл өткен сайын қымбаттап барады, — дейді өскемендік Еркін Мұханов.

«Полигонның иісі қолқаны қабады»

Қала іргесінде әбден толып жатқан қоқыс полигоны да бірнеше жылдан бері ауаны бұзып, халық тұрмысына елеулі зиян келтіріп отыр. Шмелев лог шағын ауданы тұрғындарының айтуынша, полигоннан шыққан күлімсі иіс қолқаны қабады.

— Басында бұл жерде терең қазылған шұңқыр ғана болған. Ал қазір төгілген қоқыс сыймай жатыр. Ал жел болса сол қоқыстың иісін «көтеріп әкетіп» үйлерге жеткізеді, — дейді олар.

қоқыс полигоны
Фото: Нелли Нигматуллина / Kazinform

Полигон жергілікті атқарушы органның балансында. 1997 жылдан бастап жалдау шарты негізінде «Өскеменспецкоммунтранс» ЖШС пайдаланушы ұйым ретінде бекітілген. 

— Шмелев лог ауданында орналасқан қатты тұрмыстық қалдықтарды көмуге арналған полигонға 2023 жылдың 1 қаңтарынан бастап 2025 жылдың 31 желтоқсанына дейін жылына 11 476 тонна қоқысты көмуге экологиялық рұқсат белгіленді. ҚР Экология кодексі 365-баптың 4-тармағы 4-тармақшасында көзделген коммуналдық қалдықтарды жою және көму жөніндегі объектілерді салуды қамтамасыз ету — жергілікті атқарушы органдардың міндеті, — дейді Экология және табиғи ресурстар вице-министрі Жомарт Әлиев.

Ал қала әкімдігінен Өскеменде қоқыс полигонының салынатынын, бірақ нақты қай жерде екендігі әлі шешілмегенін мәлім етті.

Алдағы жоспар қандай?

Министрліктің хабарлауынша, Өскемен ауасын тазарту мақсатында 31 іс-шара жоспарланған.

Оның ішінде:

— Металлургия және жылу энергетикасы кәсіпорындары үшін ең үздік қолжетімді технологиялар анықтамалығын әзірлеу.

— Қаладағы желсіз күндері ластаушы заттардың шығарындыларын реттеу бойынша уақытша іс-шаралар әзірлеу.

— Ақпаратты уәкілетті органдарға online режимінде бере отырып, негізгі ластаушы көздерде мониторингтің автоматты жүйесін енгізу.

— Өскемен қаласы бойынша кәсіпорындардағы қондырғылар мен агрегаттардың шаң-күл ұстағыш және газ тазарту жүйелерін жетілдіру жұмыстарын жүргізу.

— Облыстың елді мекендерінде ағаш егу жұмыстары жөніндегі жоспарларды әзірлеу және іске асыру.

— Жеке сектордағы үйлерді орталықтандырылған жылумен қамту жүйесіне қосу.

— Қарқынды көлік ағыны бар қаланың автомобиль жолдарының жүріс бөлігін суару алаңын ұлғайту.

полигон
Фото: Нелли Нигматуллина / Kazinform

Қазіргі уақытта Шығыс Қазақстан облысының әкімдігі Өскемен қаласы үшін шекті жол берілетін шығарынды нормативтерінің жиынтық томын әзірлеп жатыр. 

— Онда әуе бассейнінің максималды сыйымдылығы көрсетіледі және зиянды эмиссиялардың жол берілетін жүктемесі айқындалады. Қоршаған ортаға теріс әсерді азайту үшін 2025 жылдан бастап 1-санаттағы объектілер үшін ең үздік қолжетімді техникаларды енгізу және кешенді экологиялық рұқсат алу көзделген. Аталмыш рұқсаттар болмаған жағдайда, Салық кодексінің 43-9-бабына сәйкес эмиссиялар төлемақысының коэффициенттері 2025 жылдан бастап 2, 4 және 6 есеге ұлғайтылады, — делінген ақпаратта. 

P. S. Осы мамыр айында Титан магний комбинаты орналасқан шағын ауданды түтін басқанда халық тағы шулаған еді. Желіде әдеттегідей түрлі қауесет тарады.

Сол кезде экологияға қатысты жедел штаб жиналыс өткізіп, ШҚО әкімі Нұрымбет Сақтағанов бұл оқиға осындай жағдайлар туындағанда қалай әрекет етудің кезең-кезеңімен жүзеге асатын алгоритмін әзірлеу қажеттігін көрсеткенін жеткізген.

Шынында да төтенше жағдай кезінде кәсіпорындар мен құзырлы органдар тарапынан нақты әрі уақтылы ақпарат берілсе, ел арасында дүрбелең тумайтыны анық. Еспе сөзден шаршаған өскемендіктер осы тұрғыда да тиісті жұмыс қолға алынады деп үміттенеді. 

Еске салсақ, осыған дейін Алакөл жағасындағы туризм экологияны қалай бүлдіріп жатқанын жазғанбыз.  

Соңғы жаңалықтар