Өскен өңір: Адымы кең Ақтөбе
Ақтөбе адымы: белесті бес басымдық
Ақтөбе облысының тоғыз жолдың торабында орналасуы, көлік-логистика қызметінің оң жолға қойылуы және энергетикалық ресурстардың молдығы да оның жүйе түзуші кешен ретіндегі орнын айқындай түседі. Еліміз үшін басты рынок саналатын Ресейге шығатын қақпамыздың бірі де осында. Осы арқылы оңтүстік және орталық аймақтағылар Каспий теңізіне шыға алады. Осы орайда әлеуметік-экономикалық дамуға қатысты алғанда облыстың бес саусақтың саласындай бес бірдей ерекше сипатқа ие екенін айтқан жөн.
БІРІНШІ ЕРЕКШЕЛІК Ақтөбенің отандық төрт агломерацияның бірі екендігінен туындайды. Сарапшы мамандар Ақтөбе мұнай-газ химиясы кешенін құруға лайықты деп санайды. Индустрия мен инновацияны дамытудың басты қозғаушы күшін де осы тұстан табуға болады. Ақтөбе агломерациясын құру ісінің бастауында өзге емес, Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың өзі тұрғаны үлкен мәртебе. Мемлекет басшысы Ақтөбе қаласын бүгінгі заманғы урбанистикалық орталыққа айналдыру жөніндегі жобасын бұдан үш жыл бұрын 2014 жылдың қаңтарында жариялағаны белгілі. Қазіргі кезде өңір агломерация табиғатына тән өзге өңірлерге негізгі тапсырыс беруші жақ ретіндегі даму жолына бет бұрып келеді. Басты мақсат осы арқылы тұтастай ел экономикасының өркендеуіне үлес қосу болмақ. Осы арада Елбасы аймақтық агломерацияның алғашқы қадамына орай: Ақтөбе ел экономикасын өрге сүйрейтін локомотив рөлін атқара алады деп жоғары баға бергенін де айту парыз. Ақтөбе агломерациясы облыстың алты ауданын қамтиды. Оның шеңберіне Ақтөбе қаласы мен осы төңіректегі жетпіс елді мекен кіреді. Оның екеуі Алға мен Қандыағаш секілді шағын қала, ал біреуі еліміздегі моноқалалар құрамындағы Хромтау қаласы. Бүгінгі күні агломерация аумағында 600 мыңның үстінде халық тұрады. Бұл өңірдегі тұрғындар санының 72,5 пайызы. Ақтөбе агломерациясының алдағы атқаратын іс жоспарлары облыстық мәслихаттың 2015 жылдың 7 тамызында өткізілген сессиясында бекітілген. Қазіргі күні соған сай кең ауқымды жұмыстар жүргізіліп келеді. Ақтөбе облысының әкімі Бердібек Сапарбаевтың өкіміне сәйкес жұмыс тобының құрамына басқармалар мен департаменттердің басшылары және Ақтөбе қаласы мен агломерация аумағындағы аудандардың әкімдері енгізілген. Олар өткен жылы Ақтөбе агломерациясының 2016-2020 жылдарға арналған жалпы жаңа жобасын жасақтады. Мұнда халықтың табиғи және көші-қон есебінен өсімі мен демографиялық сыйымдылығы инвестициялық күштерді топтастырудың ілкімді жүйелері көрініс тапқан. Бұған қосарымыз, ұлттық экономика министрлігі мамандарының мәлімдеуіне қарағанда, түпкілікті жағдайда және болашақта Ақтөбе агломерациясының демографиялық сыйымдылығы 1 миллион 300 мың адамға жеткізілмек. Әрі Ақтөбе еліміздің басты көлік-логистика орталығының және металлургия, құрылыс салаларының бірі ретінде дамымақ. ЕКІНШІ ЕРЕКШЕЛІК өңірдегі шағын және орта бизнес субъектілерінің белсенді іс-әрекеттері мен қарқынды қимылдарынан бастау алады. Өзге өңірлермен салыстыра қарағанда Ақтөбенің тұтастай еліміздің ішкі жалпы өніміне қосатын үлесі жоғары. Қазіргі кезде осы үлестің деңгейін одан әрі көтеру қажеттігі туындап отыр. Бұл үшін Елбасы бірінші кезекте шағын және орта бизнестің өңір экономикасындағы үлесін елу пайызға жеткізу міндетін қойды. Сөз жоқ, бұл өте жоғары міндет. Аса ауқымды іс. Өңірдегі қазіргі іс-қимыл осы мақсатты орындауға бағытталған. Елбасы белгілеген меженің елу пайыздық мөлшерін игеру болып отыр.
ҮШІНШІДЕН, Ақтөбе облысында республика Президентінің Үшінші Жаңғыруды жариялаған Жолдауында көрсетілгендей мемлекеттік-жекешелік әріптестігінің аясын кеңейту ісінде көптеген жобалар іске асып келеді. Бұл жөнінде облыс республика өңірлері арасында алдыңғы орында тұр. Биыл облыста екіжақты әріптестікті жүйелі жолға қою үшін тартылған инвестиция көлемі 28 миллиард теңгені құрады. Мемлекеттік мүлікті сенімді түрде басқаруға берілген нысандар арасында әлеуметтік инфрақұрылымдар жүйесін дамытуға басымдық берілген. Биыл өңірде мемлекеттік-жекешелік әріптестігі аясында 38 жоба жүзеге аспақ. Аймақта экономиканың барлық буындарына тән нормативтік және құжаттық база мемлекет-жекешелік әріптестігі қызметіне берік орныға бастауы - облыстың әлеуметтік-экономикалық дамуының басты ерекшелігі болып қала бермек.
ТӨРТІНШІДЕН, Ақтөбеде ел өңірлері арасында ешқандай баламасы жоқ медициналық кластердің құрылғаны аймақтың әлеуметтік-экономикалық даму ісінен тыс тұра алмайды. Мұндағы басты мақсат - республиканың батыс өңіріндегі барлық тұрғындарды сапалы әрі қолжетімді медициналық қызметпен қамту. Қазір осы бағытта облыста қосымша медициналық нысандар құрылыстары бой көтеріп келеді. Соның ішінде осы нысандардың 35-і жоғарыда айтылғандай мемлекеттік-жекешелік әріптестігі аясында тұрғызылуда.
БЕСІНШІДЕН, Ақтөбе облысы экономикасында өнеркәсіпті өркендету жетекші рөл атқарғанымен мұнда агроөнеркәсіптік кешен мен ауылшаруашылығы өндірісінің даму деңгейі де жоғары. Бұл үшін бірінші кезекте ауыл шаруашылығы өнімдері экспортының деңгейін көтеру мен қайта өңдеу өндірісі нысандарын дамытуға көңіл бөлінуде. Осы міндет үдесінен шығу үшін ауыл шаруашылығы саласын әртараптандырудың кең ауқымды бағдарламасы қабылданған. Соған сәйкес облыста бал арасын өсіру, ешкі сүті мен бөдене жұмыртқасын өндіруді өнеркәсіптік жолға қою, балықты өңдеп, қалбырлап шығару секілді дәстүрлі емес шаруашылықтарды игеру қолға алынған. Өңір тұрғындары мен кәсіпкерлерінің бұрын шұғылданып көрмеген мұндай кәсіпке бет бұруы - саланы әртараптандырудың басты кілті, әрі өңірдің әлеуметтік-экономикалық ерекшелігінің ажырамас бір бөлігі болмақ.
«Жайсаннан» басталған жол жаһанға жалғасады
Ақтөбе облысының Ресейдің Орынбор облысы арасындағы шекарасы ұзындығы артық та емес, кем де емес - тұп-тура 1000 шақырым құрайды. Сондай-ақ, Ақтөбе облысының оңтүстік-шығыс бөлігіндегі Байғанин және Шалқар аудандары Өзбекстанмен шектеседі. Қалай дегенде де қазіргі күні мұнда Орынбор облысымен байланыс оң жолға қойылған. Бұл мәселе шекаралас өңірлер басшылары қол қойған өзара келісімге сәйкес шешімін тауып келеді. Егер шекаралас аймақтар арасында өткізу бекеттерінің қызметі жақсы жолға қойылса, бұл жағдай сауда-экономикалық, әлеуметтік, рухани және мәдени қарым-қатынастарды тереңдете түсуге жол ашады. Осындай жол бірінші кезекте Ақтөбе өңіріндегі «Жайсан» автокөлік өткізу бекеті арқылы ашылған. Ақтөбе облысы әкімдігі сыртқы байланыстар және туризм басқармасының басшысы Ермек Кенжеханұлының айтуынша, мұндағы өткізу жолағы тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында екеу ғана болса, қазір сегізге жеткізілген. Тұтастай алғанда өңірдегі басты өткізу бекетінің жаңғыртылып, қайтадан толық жөндеуден өткізілгендігі автокөлік тасқыны мен жүк айналымының бірнеше есе өсуіне септігін тигізіпті.
Осы арада Ақтөбе мен Орынбор секілді шекаралас аймақтар арасындағы жол «Батыс Еуропа - Батыс Қытай» халықаралық көлік дәлізі арқылы тоғысатынын оқырмандар назарына сала кеткен жөн. Оның Ақтөбе облысындағы ұзындығы 628 шақырым. Жоғарыда айтылған автокөлік пен жүк тасымалының негізгі бөлігі де осы жол арқылы өтеді. Әйтсе де, Ресей жағындағы «Сагарчин» өткізу бекеті әлі күнге дейін жөнделмей, сол күйінде тұр екен. Бұл мәселе өткен жылы қазан айында Қазақстан мен Ресейдің шекаралас өңірлері басшыларының арасында өткізілген форум кезінде Ақтөбе облысының әкімі Бердібек Сапарбаевтың тарапынан қойылған. Өзекті мәселе ресейліктердің тарапынан түсіністікпен қабыл алыныпты. Олар Ақтөбе облысының Мәртөк ауданымен шектесетін тұсында орналасқан «Сагарчин» өткізу бекетін бүгінгі биік талаптарға сай жасақтау жөніндегі жобаны 2018 жылға дейін аяқтауға сөз беріпті. Бұған қоса Ақбұлақ ауданы аумағы арқылы Орынборға барар жолдағы 40 шақырымды құрайтын жол да жөндеуді қажет ететініне автокөлікпен жүру кезінде айқын көз жеткіздік. Көршілер қазір бұл жолды қалпына келтіру жұмыстарын бастап отыр. Қазақ елінің қатпар-қатпар шежіресі мен тарихы Орынбор облысының архивтерінде жатқаны да ғылыми-рухани байланыстарды ұлғайта түсуге негіз қалайды. Орынбор қазақтары Қазақстандағы, соның ішінде, көршілес Ақтөбе облысындағы өзгерістерге және мұндағы жарқын жобаларға сүйіспеншілікпен қарайтыны аңғарылады. Әсіресе, орынборлық қазақ жастары күндік жұрты - Қазақстандағы әріптестерімен тығыз байланыс ұстауға ықыласты, деді газет тілшісіне Орынбор облысындағы орыс-қазақ қауымдастығы арасындағы әлеуметтік-мәдени қарым-қатынастарды қолдау мен дамыту жөніндегі коммерциялық емес ұйымның директоры Айтпай Жалғасханұлы. Біз әңгімеміздің басында Ақтөбе облысымен шекаралас өңірлердің бірі Өзбекстан екені жөнінде сөз сабақтаған едік. Бұл қазақ жұртына ең жақын халық - Қарақалпақ елі болып табылады. Ашығын айтқанда, бұған дейін Өзбекстанмен өзара байланыстар және көршілік қарым-қатынастар мәселелерінде томаға-тұйықтық көріністері орын алып келгені рас. Дегенмен, соңғы кезде бұл көршілес әрі түбі бір туыстас елмен қарым-қатынас жақсарып, оң сипат алғаны да анық.
Айқын міндет, абыройлы қызмет
Ақтөбе еліміздегі келешегі кемел өңірлердің бірі. Мұнда әлеуметтік-экономикалық тұрғыдан жан-жақты өсіп-өркендеуге барлық қолайлы жағдайлар қалыптасқан.
Өңірдің болашағы тек бір ғана мұнай мен газ секілді стратегиялық шикізат көздерімен шектелмейді. Яғни облыстың даму индексі тек оған тіреліп тұрған жоқ. Бұған тәуелді де емес. Өйткені аймақтың жер қойнауы басқа да табиғи байлықтарға толы. Бұған зерттеулер жүргізген отандық ғалымдар өңірде Менделеев кестесіндегі химиялық элементтердің бәрі де кездеседі деген байламға табан тіреуі де тектен-тек емес. Талдаулар мен сараптамалар еліміздің ішкі жалпы өніміне қосатын үлесті көтерудің беташар тұсы - биылғы тауық жылы екенін көрсетеді. Сондықтан да биыл өңірдегі экономикалық өсімнің көлемін 103 пайыздан кем түсірмеу жөнінде кешенді шаралар шоғыры іске аса бастады. Бұл биік мақсатқа қол жеткізудің басты жолы -жергілікті билік пен бизнестің өзара үйлесімді іс-қимылын одан әрі тереңдетуге бағытталған.
- Көрсетіліп отырған меже аса ауқымды. Алайда біз аталған санды аспаннан алып отырғанымыз жоқ. Бұл үшін осы аралықта арнайы талдаулар мен сараптамалар жасалды. Біз оның жан-жақты, терең, нақты әрі әділетті тұрғыда жасақталуына баса көңіл бөлдік. Мұндай істе ұсақ-түйек деген ұғым атымен болмауға тиіс. Әр кәсіпорынның мүмкіндігі қандай болатынына да мұқият қарай білдік. Сондағы көзіміздің анық жеткені - пайдаланылмай, қосылмай тұрған тетіктердің бар екендігі. Ең бастысы, мемлекет тарапынан көрсетіліп отырған жан-жақты қолдауды айтсаңызшы. Соның бәрін ескере, есептей келіп жоғарыда көрсетілген экономикалық өсімге тоқтадық, - деді газет тілшісіне Ақтөбе облысының әкімі Бердібек Сапарбаев. Біз бұл өсім алдағы үлкен істің алғашқы қарлығашы ғана екеніне көз жеткізе түстік. Осы тәртіпке және белгіленген кесте мен жүйеге сәйкес аталған іс алдағы уақытта да өз жалғасын таба бермек. Облыстағы ірі және орташа өнеркәсіп кәсіпорындарына тұрақты түрде мониторингтік зерттеулер жүргізу тәртібі осы бастаудан тамыр тартады. Ал осы кезде қандай да бір болмасын түйінді әрі түйткілді мәселелер туындай қалса, оны дер кезінде шешу мен тұрақтандырудың жолдары да қоса қарастырылғаны үлкен сенім туғызады. Сезік болмаса, сенім адамды еш уақытта алдамайтыны айтпаса да белгілі ғой. Өңір экономикасында өнеркәсіптің үлесі жетекші рөл атқарғанымен мұнда биылғы жылы ауылшаруашылығы өндірісі бойынша да іргелі де, ілкімді істерді атқару көзделген. Саладағы өсімнің басын - жер ресурстарын тиімді түрде пайдалану, суармалы алқаптардың көлемін көтеру және асыл тұқымды мал шаруашылығы құрайды деп күтілуде. Өңірде аграрлық секторды әртараптандыру жөнінде атқарылған жұмыстар қазірдің өзінде тиісті нәтижелер беруде. Әсіресе дәстүрлі емес ауыл шаруашылығы өндірісінен алынатын өнім мөлшерін көбейту басты мақсаттың біріне айналып келеді. Аймақта құрылған ауыл шаруашылығы кооперативтері де өңір экономикасын өркендетуге оң септігін тигізе алатын фактор ретінде қарастырылуда. Биыл бұл өміршең құрылымдарды техникалық тұрғыдан толық жарақтандыру жұмыстары жүзеге аспақ. Көп нәрсенің шешімі бірінші кезекте қаражатқа байланысты екені талас туғызбайды. Осы орайда облыстағы ауылшаруашылығы кооперативтерінің төрт аяқтарынан тең басуына тиісті қаражат бөлінгені де сүйінішті жәйт. Тұтастай алғанда қазіргі кезде ауыл шаруашылығы өндірісшілеріне мемлекет тарапынан көрсетіліп жүрген қаржылай көмек түрлері жеткілікті. Оны тиімді әрі үнемді түрде пайдалана білген сала өкілдері тек ұтары анық.
Біртұтас желінің берері көп
Ақтөбе аймағы мысалында жалпыұлттық және республикалық маңызы бар деп есептеледі. Осыған байланысты бұл бағыттағы тізімге енгізілген бірқатар киелі орындарға өңірдегі өлкетанушы Бекарыстан Мырзабай әңгімелеген болатын.
«Егер ой-пікірімді біріншіден, табиғи-ландшафт нысандар тұрғысынан қозғасам, облыс аумағындағы «Айдарлы аша» геоморфологиялық кесіндісі ауызға бірінші ілігеді. Мұнда жердің үстіңгі және астыңғы қабаттарындағы тектоникалық өзгерістердің салдарынан молюскалардан біріккен құйма тас пайда болған. Оны ғалымдар жиырмасыншы ғасырдың басында қазіргі Ақтөбе облысының аумағындағы далалық өзеннің жағасынан тапқан. Бұл көріністің өзі бұдан миллиондаған жылдар бұрын қазіргі қазақ даласында теңіздің болғанынан хабар береді. Бір сөзбен айтқанда, бұл арада жердің қырық қабат қыртысы аударылып үстіне көтерілген. Осы қыртыстар мен қабаттардың арасынан жануарлар мен үлкен балықтардың сүйектері, қаңқалары және әртүрлі ежелгі өсімдіктердің кескіндері кездескен. Ғалымдар мен зерттеушілердің таң-тамаша қалдырған теңдесі жоқ геологиялық бөлік осы тұстан іргелес ағып жатқан Айдарлы аша өзенінің атауымен аталған. Табиғи-ландшафт нысандардың бас жағынан орын алатын өңірдегі қайталанбас құбылыстың бірі - Ырғыз ауданы аумағындағы метеорит құлаған жер. Оны Жаманшин метеорит шұңқыры деп те атайды. Аспан денесі құлаған аумақтың ыңғайына қарай Иргизит және Жаманшин әлемдік астрофизикалық ғылыми терминге енгізілген. Қазақы ұғымға сайғанда метеорит - жұлдыздың қалдығы деген ұғымды білдіреді.
Ғалымдардың тұжырымдауынша, метеориттің жерге ағып түскенінен пайда болған жарылыс күші жүздеген ядролық бомбаның күшіне тең екен. Осы құбылыс жердің барлық геологиялық тінін түбірімен өзгертіп жіберген. Жерге құлаған алып жұмбақ жұлдыз тастың өзгешелігі мен ерекшілігі және өзіне тән қасиеті жөнінде әлем ғалымдары әлі күнге дейін бір тоқтамға келе алмай жүр. Астрофизикалық ұғымда Текпит деген атау тағылған жұмбақтас қазіргі күні де сыры толық ашылмаған күйде отыр. Өйткені, бұл аспантас өзінің физикалық және химиялық құрамы жөнінен жердегі бір де бір бөлшек пен затқа мүлдем ұқсамайды. Өлкетанушы маман ретінде осы айрықша нысанның жалпыұлттық маңызы бар киелі орындар тізіміне иенуін толықтай құптаймын. Ендігі кезекте жұлдыз құлаған жерге мемлекеттік тұрғыдан қатаң бақылау орнатылса құба-құп болар еді. Өйткені, «жабайы саяхатшылар» мұндағы маржан тастарды жиып-теріп, ту-талақайға ұшыратын жүргенінен де толық хабардармыз. Келешекте мұндай бейберекетсіздікке жол беруге болмайды дегім келеді. Облыс аумағындағы табиғи ландшафттар нысандар қатарындағы киелі де қасиетті құндылықтар тізімі мұнымен шектелмейді. Ырғыз - Торғай резерват аумағындағы бұдан 35-40 миллион жыл бұрын тіршілік жасаған алып аңдар қаңқасының табылғаны өз алдына бір бөлек әңгіме. Осы сүйектің сұлбасы 1725 жылдар шамасында Мәскеудегі палеонтология мұражайына қойылған. Оның кішірейтілген моделі еліміздегі Ғылым академиясында тұрған көрінеді. Айта берсең, өткеннен сыр шертетін өңір таңғажайыптары жетерлік. Көне көздердің айтып кеткеніне қарағанда, облыс аумағындағы тереңдей түскендегі өлшемі 100-150 метр құрайтын Көрсай және Мыңсай атты көлдердің табаны - ежелгі құландар мекені аталған. Мұнда соңғы Керқұлан 1868 жылы жойылыпты. Сондай-ақ, өңірдің киелі жерлер географиясының дүниемен бірге жаратылған ең көне өсімдік түрі Мәртөктегі папоротниктер тоғайы толықтыра түседі. Республикалық деңгейдегі киелі орындар тізімінде Ақтөбе аймағынан тарихи тұлғалармен және «Мың өліп мың тірілген» халқымыздың ежелгі жауынгерлік салт-дәстүрімен байланысты нысандар да бар. Бұған XIV-XV ғасырлардан түсінік беретін Абат-Байтақ және Қобыланды батыр мемориалдық кешендері, сондай-ақ, XVІІІ ғасырдан сыр аңғартатын Әйтеке би ауданындағы Толыбай ауылынан тоқсан шақырым жерде орналасқан «Хан моласы» қорымы мемориалдық кешендер кіреді. Киелі қасиетті де қастерлі орындар ретінде бұлардың бәріне де тәу етіп келушілер қатары үзілмей келе жатқаны да бір мерей».